3 C
Алматы
Суббота, 9 ноября, 2024
spot_img

Қазақ және бейбіт атом. АЭС бізге не үшін керек

Атом электр станциясын қазір салмаса, Қазақстан болашақта үлкен қиындықтарға ұшырайды. Бұл туралы 25 жылдық тәжірибесі бар энергетик, сарапшы Жақып Хайрушев айтты.

Әлем елдері атомды бейбіт игеріп, оны өз энергия жүйесінің негізі ретінде ұстайды. Ал Қазақстан әлі күнге дейін көмір жағады және сонысымен әлем экологтарының назарына ілініп отыр. Осы орайда, атом реакторы экологиялық таза энергия көзі болып табыла ма? Осы және басқа да сұрақтарды біз тәжірибелі энергетик Жақып Хайрушевке қойдық.

 

— Жақып Ғалиұлы, атом энергетикасы әлемде қарыштап дамуда. Бірақ бізде оған қатысты қоғамдық скепсис әлі тарқамай отыр. Атом энергетикасын тиімді іске асыру біздің мемлекеттің қолынан келе ме?

— Сұрағыңызға рахмет! Ия, өзіңіз білетіндей, Қазақстанда атом электр станциясын салу мәселесі көптен бері талқыланып келеді. Жалпы АЭС дүмпуі басталған, бәлкім өткен ғасырдың 70-ші жылдарынан бері бұл мәселе күн тәртібінен түскен емес. Сол уақытта Маңғышлақтағы жылдам нейтронды БН-350 реакторы бар бірінші энергоблок өз жұмысын бастағанын білеміз.

Сондықтан, бізде реактормен жұмыс істеу тәжірибесі бар. Және қазіргі жаңа реакторлардың қауіпсіздік деңгейі өте жоғары деңгейде. Апат болу мүмкіндігі миллионға бір десе болады. Мұндай нысанның құрылысы оған байланысты қосымша салаларға да жан бітіретінін, ондаған мың жұмыс орнын ашатынын ескеруіміз керек. Сондай-ақ, ел атом энергетикасы саласындағы жоғары технологияларға қол жеткізетін болады. Өйткені, Жаратушының өзі сыйлаған уран бар, тәжірибелі мамандар бар, осының бәрі бізде қазіргі заманғы атом электр станциясының пайда болуына жақсы мүмкіндіктер ашып отыр. Еліміздің әлемде уран өндіру бойынша бірінші орында екенін ұмытпауымыз керек.

Жылына 20 мың тоннадан астам уран өндіреміз, ол әлемдегі өндірістің шамамен 40 пайызын құрайды. Әлемде уранның негізгі тұтынушылары — қуаты 393 ГВт тартатын 443 атом энергоблоктары. Ал қазір ортақ қуаты 52 ГВт болатын бірнеше атом реакторы салынып жатыр. Оның жартысынан астамы Қытай, Үндістан мен Пәкістанда болады.

2019 жылы уранның әлемдік өндірісі 54 мың тоннаны құрады. Ал барлық атом электр станцияларының қажеттілігіне сол жылы шамамен 65 мың тонна уран жұмсалған. 2020 жылы уран өндіру 47,5 мың тоннаға дейін төмендеді, дәл сол жылы АЭС-тің уранды тұтынуы 68 мың тоннаға дейін өсті. Орташа есеппен жобалауын қоса есептегенде бір атом энергоблогының құрылысы 5 жылды құрайды. Одан кейін сол энергоблок кем дегенде 60 жыл уранды тұтынып отырады. Ол уақытқа дейін біз өз мамандарымызды дайындап, үйретіп алатын мүмкіндігіміз бар.

— Бір АЭС біздің жыртығымызды жамай ала ма? Немесе бірнеше АЭС пайда болса, көмірмен жұмыс істейтін жылу электр станцияларын жауып тастай аламыз ба?

— Бізге қанша атом электр станциясы қажет деген сұраққа келсек, мен цифрлармен жауап беремін. Қазақстанның оңтүстігінде тұтыну шамамен 20 млрд кВт/сағатты құрайды, ал тапшылық 8-8,5 кВт/сағат деңгейінде. Яғни шамамен 43%. Ол тапшылық солтүстіктен келетін энергия көмегімен жабылып отыр. ҚР Энергетика министрлігі жүргізген бағалауға сәйкес, 2030 жылға қарай елдің электр қуатының болжамды балансында Қазақстанның оңтүстігінде базалық қуат тапшылығы 2,7 ГВт -қа жетеді деп күтілуде. Бұл тым үлкен дефицит.

Осыған байланысты еліміздің оңтүстігіндегі тапшылықты әр түрлі энергия көздерін, оның ішінде атом электр стансаларын енгізу арқылы жабу мүмкіндігі қарастырылуда. Оның үстіне 500 кВ жаңа «Солтүстік-Шығыс» желісі мен қолданыстағы «Солтүстік-Оңтүстік» желісінің пайдалануға берілуі бұл мәселедегі шиеленісті жартылай ғана жояды.

Сосын, екінші сұрағыңызға келсек. Біздің елде атом электр станциялары пайда болса да, жылу станциялары ешқашан жабылмайды.

Себебі мында – жылу электр станцияларының негізгі өнімі қала тұрғындарына қажет ыстық су. Ал электр энергиясы олар үшін қосалқы қызмет қана. Өз кезегінде АЭС тек электр энергиясымен айналысады. Сондықтан жылуды жылу электр станциялары, ал электр энергиясын АЭС беретін болады.

— АЭС -тың пайда болуы тұтынушыға қалай әсер етеді? Электр энергиясының бағасы қандай болады?

— Мен осы мәселеге толығырақ тоқталғым келеді. 2012 жылы «Электр энергетикасы туралы» Қазақстан Республикасының Заңына электр қуаты нарығын енгізуге қатысты өзгерістер енгізілді. Бірақ іс жүзінде бұл нарықтық механизмді енгізу бірнеше жылдан кейін ғана қолға алынып отыр. Ал 2019 жылы Қазақстанда осындай жобалар құрылысына жүйелі түрде қарауға, яғни тарифті, пайданы, рентабельділікті алдын ала есептеуге мүмкіндік беретін қуаттылық нарығы пайдалануға берілді. Бұл мақсаттарға жетудің негізгі құралы «Жаңа генераторлық қуаттардың құрылысына салынған инвестициялардың ұзақ мерзімді кепілдіктерін беру» болды.

Сыйымдылықтар нарығы шеңберінде жаңа станция көтерме тұтынушылардан өз қызметі үшін тіпті электр қуатын бермей жатса да, белгіленген төлемді алып отыратын болады. Бұл станцияның өзіне бекітілген мерзімде тоқтаусыз жұмыс істеуін қамтамасыз етеді.

Бірақ көтерме тұтынушылардың қайсысы төлеуі керек? Көп тұтынатындар ма, әлде аз тұтынатындар ма? Жаңа станция пайдалануға берілетін аймақта тікелей тұратындар ма, әлде осы электр желісінің ішіне кіретін еліміздің барлық тұрғындары ма? Немесе бәрі төлеуі керек пе?

Заң шеңберінде соңғы нұсқа таңдалды. Барлық көтерме тұтынушылар, кімнің қайда орналасқанына қарамастан жаңа станцияларға төлейтін болады. Бұл жаңа инвестициялар ағынының бағаға деген әсерін жұмсарту үшін жасалып отыр.

Қуаттылық нарығы мен физикалық энергияны өндірудің басты айырмашылығы мынада: қуаттылық нарығы физикалық мегаватт сатпайды, ол болашақта станциялардың қажет МВт қуатты өндіруге дайындығын сатады. Біздің жағдайда, 2-3 жылдан кейін АЭС-тің іске қосылуын қазірден бастап сата беруге болады. Ал электр энергиясының қазіргі нарығында тікелей «физикалық мегаватттар» сатылады. Бұл жерде электр қуатын көтерме тұтынушылардың қуаттылық нарығына қатысуы міндетті екенін атап өткен жөн. Көтерме тұтынушылар электр энергиясын нарықта бөлек сатып алады. Сонымен қатар, сыйымдылықтар нарығында сыйымдылық қызметтері үшін ақы төлеу кезінде олар электр энергиясы нарығында арзан электр энергиясын алуға кепілдік алмайды. Сыйымдылықтар нарығында бұл қызметтерді төлеу арқылы олар электр энергиясына деген қажеттіліктерін қанағаттандыру үшін электр энергиясының нарығында жеткілікті қуат болатынына кепілдік алады. Осы тетікті пайдалана отырып, атом электр станциясына құрылыс жүріп жатқан уақыттан бастап ақша келе бастайды, ол инвестор үшін тиімді.

— Елімізге атом энергетикасы саласындағы әріптестікті қандай елдермен жүргізген дұрыс? Осы тұста ашығын айтсақ, қазақтілді аудитория Росатомға сенімсіздікпен қарайды. Бірақ Росатом биыл реактор құрылысы бойынша АҚШ компанияларынан озып кетіп, бірнеше елде АЭС салып жатыр. Оны да жоққа шығара алмаймыз. Біз үшін басты әңгіме – болашақ ядролық шантаждың болмауы сияқты. Сіз қалай ойлайсыз?

— Технологияларды елдерге бөліп қарастыратын болсақ, онда түбегейлі айырмашылық жоқ. Сол Ресейдің әлемнің көптеген елдерінде, әсіресе Өзбекстан, Түркия немесе Пәкістан сынды консервативті мемлекеттерде атом электр станцияларын тұрғызуда мол тәжірибесі бар. Түркиядағы «Аққұю» АЭС-і құрылысы тәжірибесін біздің ел де мұқият бақылап отыр.

Бұл ретте АЭС құрылысы және оның қызметі халықаралық ұйым – МАГАТЭ тарапынан бақылауда болғаны маңызды. Атом шантажын болдырмау үшін – АЭС-тің барлық тетіктерін өзіміздің, отандық мамандар басқаруы тиіс.

Бұл сұрақтың психологиялық астары көп. Атом, ядро деген ұғымдарға отандастарымыз үрке қарап келді. Енді ғана, АЭС-тің шын мәнінде керек екенін түсіне бастады.

Менің ойымша, атом электр станцияларының экология тұрғысынан көмірден таза екенін, ал тұрақтылығы тұрғысынан жел, күн энергиясынан артықшылығы бар екенін өте белсенді түсіндіру қажет. Мен даму институттарында жұмыс істеген, инженер-энергетик, жылу және энергиямен қамтамасыз ету саласындағы маман ретінде елімізде атом электр станцияларының болуы бізге инновациялық даму, болашақ тұрғысынан үлкен серпін беретінін практикалық тұрғыдан көріп отырмын.

АЭС-ті өзіміз жүргізуіміз керек дедіңіз. Ал біз атом энергетикасы саласындағы білікті кадрлармен қаншалықты қамтамасыз етілгенбіз?

— Әрине, біздің еліміз Маңғышлақтағы АЭС жабылған кезде атомдық әлеуетін аздап жоғалтты. Бірақ уақытты бекер жіберген жоқпыз. Елде Ядролық технологиялар паркі табысты дамуда, МАЭК, Ұлттық ядролық орталық, Атомдық қадағалау комитеті және Энергетика министрлігі жанындағы Атом энергиясы бойынша тиісті департамент жұмыс істейді.

Атом энергиясы бойынша маман дайындалып жатыр. Олардың санын көбейту керек. Бұл салада көптеген тар мамандықтар бар, олардың оқу мерзімі 5-7 жылға созылады. Өзіміздің бір кадрды дайындау үшін біз кем дегенде 10 жыл жұмсаймыз.

Сонымен қатар, бізде аралас салалардағы мамандар тапшылығы бар. Сейсмографтар жетіспейді. Тәуелсіздіктің 30 жылы ішінде республикада ешқашан сейсмикалық белсенділікті картаға түсіру жүргізілген жоқ, ал бұл жұмыс өте маңызды. Фукусиманың тәжірибесі сейсмикалық белсенділік алдында қауіпсіздіктің ең қатаң шараларының күші жоқтығын көрсетті. Электриктер, байланысшылар, дәнекерлеушілер жетіспейді. Сондықтан ұлттық кадрларды даярлау мәселесі күн тәртібінде тұр. Оны ең үздік әлемдік практиканы қолдана отырып шешу керек. Бізге Франция мен Жапония сияқты басқа елдердің тәжірибесі ауадай қажет. Сонымен қатар, АЭС-ке арналған энергоблоктарды салу бойынша тапсырыстар қазірдің өзінде бірнеше жылға жоспарланған. Сондықтан біз уран өндіруден бастап станция құрылысына дейінгі толық циклды құру үшін дәлдігі жоғары машинақұрылыс саласын дамытуға тырысуымыз керек. Бұл мыңдаған жаңа жұмыс орындарын, ғылыми және инженерлік әлеуеттің өсуі мен жоғары қосылған құн өндірісін қамтамасыз етеді.

— Қазақстан 2060 жылы көмірсутектен бейтарап, яғни мұнай, газ, көмірді пайдаланбайтын ел болғысы келеді. Ал сол кезде біздің отын-энергетикалық балансымызда атомның үлесі қандай болуы тиіс?

— Сарапшылардың, инвестициялық банктердің пікірінше, уранға деген қызығушылық артып келеді және одан әрі де өсе береді. Осы ғасырдың ортасына қарай мемлекеттердің СО2 шығарындыларын нөлге дейін төмендетуге ұмтылуы нағыз нарықтық тренд болады. Өздеріңіз білетіндей, Қазақстан 2060 жылға қарай біздің еліміз көміртекті бейтарап елге айналатынын жариялады. Ал бұл процессте күн мен жел электр станцияларына қарағанда атом энергиясының басымдыққа ие болатынын болжауға болады. Сонымен қатар, Халықаралық энергетикалық агенттік есебінде 2030 жылға қарай әлемде атом станцияларының құрылысы қарқынын жылына 24 ГВт -қа дейін төрт есе көбейту туралы айтылып отыр. Ал жетекші инвестициялық банктердің болжамы бойынша уран бағасы 2023 жылға қарай 40 долларға, 2025 жылға қарай 45 долларға дейін көтеріледі.

Еуроодақ қазіргі уақытта ядролық энергияны «жасыл» энергия санатына жатқызды. Еуропалық сарапшылар бейбіт атом планетаға көп зиян келтірмейді деп санайды. Олар ядролық энергияның экологиялық таза екенін мойындағаны туралы Еуроодақ есебінде анық жазылған. Демек, бейбіт атомға біз «жасыл энергетика» деп қарауымыз керек.

Html code here! Replace this with any non empty raw html code and that's it.

Басқа да қызықтар

Телеграмға өтіңізspot_img

Мықты оқылатындар