14 C
Алматы
Суббота, 5 октября, 2024
spot_img

«Контингент ужыс. Одни калбиты…». Dostyk Plaza даулы жазбаға жауап қатты

Алматыда «Dostyk Plaza» сауда орталығы төңірегінде үлкен дау шықты. Жақында 2GIS қосымшасында орталық әкімшілігі тарапынан ұлтаралық алауыздық тудыратын теріс пікір жарияланған болатын. Бұл өз кезегінде көптің сынына ұшырап, әлеуметтік желіде қызу талқыланды.

Оқиға қалай өрбіді?

2 сәуірде 2GIS қосымшасында «Dostyk Plaza» орталығына келушілердің бірі «Контингенті қорқынышты. Бәрі бірыңғай калбит! Тауар бағалары да дәл сондай!» деп пікір қалдырады. Ал орталық әкімшілігі араңдатушының сөзін қостап, жіберілген қателіктер үшін одан кешірім сұрайды.

«Қайырлы күн! Пікіріңізге рақмет! Сауда орталығымызға келгендер сізге жағымсыз әсер қалдырғаны үшін кешірім сұраймыз! Біздің мақсатымыз – барлық қонаққа жайлы әрі ыңғайлы орта сыйлау. Үмітіңізді ақтай алмағанымыз үшін өкініш білдіреміз. Тәжірибеңізді алдағы уақытта міндетті түрде ескереміз…!», — делінген әкімішілік жауабында.

Көп ұзамай бұл пікір әлеуметтік желіде үлкен резонанс тудырды.

Мәселен, Сәбит Бәйтенов есімді Facebook-пайдаланушыларының бірі аталмыш пікірді өз парақшасына орналастырып, жазба қалдырған.

«Өткенде Dostyk Plaza -ға біреу «сендерге баратындар тек калбиттер» деп жазып жіберген ғой. Достық плаза «Олай айтпауды өтінеміз. Адамның бәріне тең қараймыз. Сіз де сондай көзқараста болыңыз» деудің орынына. «Біздің (калбит) қонақтарымыз сіздерге сондай әсер қалдырғаны үшін кешірім сұраймыз» деп жазып жіберген ғой», — дейді ол.

Сонымен қатар Жұлдыз Назарқызы есімді қоғам белсендісі де «Достық Плаза» сауда орталығының әкімішілігіне ашуын білдірді.

«Достық Плаза» сауда орталығының әкімшілігі ұлтқа тіл тигізген нәсілішінің үстінен полицияға арыз жазып, айтқан сөзін айыптаудың орнына, пікіріне алғыс білдіріп, болған жағдайға байланысты өкініш білдірген екен. Қазақстанда орналасқан және қазақ атауын иемденген орталық, қазақтар басым контингенттің ішінде осындай пікір қалдырған автор үшін қандай да бір шараны қолға алмақ. Яғни, осы нәсілшілге ынтымақтастық қарым-қатынас танытып отыр.

«Қызық, сонда сауда үйінің әкімшілігі не істемек болды? Бүкіл қазақты ғимараттан шығарып, «ақ қожайынның» мазасын алмау үшін «калбиттерді» сауда орталығына кіргізбей, фейс-контроль енгізбек болды ма екен?», — дейді ол.

Осылайша қоғам белсендісі мемлекеттік қызметкерлермен байланысқа шығады. Олар әкімші пікірді өшіріп тастағанын және арнайы профилактика жүргізілгенін айтқан. Ал сауда орталығы аталмыш қателігі үшін кешірім сұрап, ешбір тұтынушыны бөліп-жармайтынын атап өткен.

«Бұл сауда орталығы әкімшілігінің жауабы: «Dostyk Plaza» атынан жіберілген қателік үшін кешірім сұраймыз. Бұл автоматты жауап корпоративтік және жеке сенімдерімізге сәйкес келмейді. «Dostyk Plaza» сауда орталығының ресми ұстанымы – келушілерімізбен және қонақтарымыз арасында тепе-теңдік қағидасын ұстану. Барлық азамат нәсіліне, ұлтына, жынысына, тұрғылықты жеріне, әлеуметтік жағдайына, діни және саяси көзқарасына қарамастан —  Достық Плазаның қонағы. Автожауапты басқаратын адам жас болғандықтан, бұл терминнің мағынасын білмеді», — деп жауап берген.

«Сонда нәсілдік қаралау ғылыми терминге айналып кеткені ме?!», — дейді желі қолданушысы.

Осы тұста ол сауда орталығы қазақ тілінің қадірін кетірмеу үшін билік «Достық» атауын қолдануға тыйым салуы керек деп есептейді. Айтуынша, бұл орынға «Сауда орталығы калбиттерге арналмаған» деген атау әлдеқайда жарасады. Сонымен қатар белсенді жағымсыз пікір тудырған екі тарапты әкімшілік жауапкершілікке тарту керек екенін атап өтті.

«Құқық қорғау органдары ұлтаралық араздықты туыдырғаны үшін IP мекенжайы бойынша нәсілшіл адамды тауып, «Достық Плаза» сауда орталығының әкімшілігімен бірге қылмыстық жауапкершілікке тартуы керек деп ойлаймын», — деді ол.

Жағдайдың анық-қанығын білу мақсатында Dalanews.kz агенттігі Dostyk Plaza сауда орталығының әкімшілігімен байланысқа шықты. Даулы мәселеге орталықтың ресми өкілі, PR бөлімінің басшысы Карина Сычева жауап берді. Ол болған жағдай үшін сауда орталығы көпшіліктен кешірім сұрағанын айтып, БАҚ өкілдеріне арналған ресми хатты жолдады.

«Қалыптасқан жағымсыз ақпараттық ахуал бойынша шиеленістің артуына байланысты біз егжей-тегжейлі түсініктеме беріп, Dostyk Plaza СОО командасының ұстанымын тағы да жеткізгіміз келеді.

2 сәуірде 2ГИС сервисінде ұлтаралық алауыздық тақырыбы бойынша теріс пікір жарияланды. Біздің SMM маманы сәйкес емес стандартты жауап үлгісін пайдаланып, оны жұмыс тәртібінде қолданды. Осыдан кейін, бірнеше күн өткенде, аталған шолуға жауап бойынша қосымша шағымдар түсе бастады. Жұмыс тобы дереу жиналып, ішкі тексеру жүргізілді, оның барысында қызметкер тарапынан өрескел қателік анықталды», — делінген хабарламада.

Осы тұста басшылық кінәлі қызметкерді жұмыстан босатқан. Ал араңдатушылық пікір қалдырған авторды жауапқа тарту мақсатында тиісті органдарға арыз түсірген.

«Қате жауап алынып тасталды, өйткені ол біздің компанияның саясатына, ережелеріне және ішкі сенімдері мен принциптеріне, атап айтқанда Dostyk Plaza командасына мүлдем сәйкес келмейді.

Маманның жастығына байланысты адам факторы мен тәжірибесіздіктің әсеріне қарамастан, біз оны жұмыстан шығаруға дейін қатаң шаралар қабылдадық. Заң бөлімі арандатушылық түсініктеме авторын жауапқа тарту үшін өтінішті тиісті органдарға дайындайды және жібереді. Біздің команда өз кезегінде мұндай қателіктер жібермеу үшін барлық мүмкін әрекеттерді жасайды», — делінген ресми жазбада.

Сонымен қатар олар әр тұтынушының жеке пікірі өте маңызды екенін де атап өткен.

«Dostyk Plaza»-ға күн сайын әлемнің түкпір – түкпірінен ондаған мың адам келеді, бізде көпұлтты қызметкерлер ұжымы бар, біздің жалға алушылар да -әлемнің түкпір-түкпірінен келген брендтер. Біз барлық азаматтың нәсіліне, ұлтына, жынысына, тұрғылықты жеріне, қоғамдағы жағдайына, діни және басқа да нанымдарына қарамастан, теңдік пен тең құқықты қолдау және абсолютті толеранттылық қағидаттарын ұстанамыз.

Біз үшін тұтынушыларымыз бен серіктестеріміздің пікірі өте маңызды. Сондықтан біз әрқашан сұрақтарға жауап беруге және кері байланысты ашық түрде беруге тырысамыз. Dostyk Plaza сауда орталығы мамандарының, жалға алушылардың және басқарушы компанияның үлкен тобы тәулік бойы жұмыс істейтін келушілеріміздің қауіпсіздігі мен жайлылығына жауап береді. Біз бәріміз өз жұмысымызды сапалы әрі шын көңілмен орындауға тырысамыз.

Басшылық пен бүкіл Dostyk Plaza командасының атынан сүйікті қонақтарымыздан, келушілерімізден, серіктестерімізден және жалға алушыларымыздан тағы да шын жүректен кешірім сұраймыз!», — дейді олар.

Осы тұста Dalanews.kz агенттігі Алматы қаласының полиция департаментіне сауал жолдап, араңдатушы қандай жазаға тартылатынын сұрап көрді. Әзірге ресми жауап келген жоқ.

Алайда заңға көз жүгіртсек, елдің бүтіндігін бұзып, ұлтаралық алауыздық туғызған адамдар ҚР Қылмыстық Кодексінің 174-бабы бойынша жазаланады. Бұған дейін Бас прокуратура ұлтаралық алауыздық туғызатын адамдар жазадан құтылмайтынын, яғни 2-7 жылға, ал ауыр салдары болса, 12-20 жылға бас бостандығынан айырылуы мүмкін екенін айтқан болатын.

Dalanews.kz жағымсыз пікір қалдырған автор ресейлік релокант деп болжайды.

Себебі бұған дейін Ресей СІМ-і «Қазақстанда айтуға болмайтын сөздерді» жариялаған еді. Бұл кеңестердің ішінде Қазақстанда «мәмбет», «мырық»,  «мырқымбай», «калбит» сөздерін айтуға тыйым салынғаны ескертілген.

«Шетелдерге шығатын Ресей азаматтары назарына» деп басталатын консулдық кеңестер әуелі ресейліктерді барған елдеріндегі жергілікті халыққа құрметпен, дос пейілмен қарауға шақырады. Мұнан ары «шет мемлекет заңдарын қатаң сақтау, дөрекі болмау, адамға қарата кемсіте қол сілтемеу, жергілікті мәдениетке менсінбеушілік көрсетпеу, сол елдің басшыларына қарата намысқа тиетін сөздер айтпау, полициямен қақтығысқа түспеу, боқтамау, ішімдікті шамадан тыс ішпеу» т.б. туралы ескертулер жазылған.

Html code here! Replace this with any non empty raw html code and that's it.

Басқа да қызықтар

Телеграмға өтіңізspot_img

Мықты оқылатындар