26 C
Алматы
Пятница, 19 июля, 2024
spot_img

Депутаттар Қазақстанның қалаларына тотализаторларды қайтарғысы келеді

Жақында ғана Парламент депутаттары Альберт Рау мен Қайнар Абасов қалалардағы құмар ойындарының аймақтарына және құмар ойындарының ұйымдарына салынған тыйымның күшін жоюды көздейтін бастама көтерді.

Алайда бұл жерде бір кілтипан бар. Қазақстан мәжілісмендерінің ұсынысының негізгі тармақтарының бірі республика қалаларында орналасқан ипподромдарда ат спорты тотализаторларын жандандыру болып табылады.

Шенеуніктердің ауқымды жоспарлары бойынша, ат спортына тігілетін бәсті басқа ұтыс түрлерінен бөліп алу қажет. Яғни, бұл іс жүзінде спорт түрлері бойынша ойынқұмарлық бизнесін бөлшектеу басталды деген сөз. Ертең дәл осылайша бокс, футбол, аралас жекпе-жек спорты да бөлініп шығып, компьютерлік ойындардың турнирлері бөлек бүкілғаламдық ессіздіктің әлеміне айналса, таң қалмайтын шығармыз.

Бастама көтерушілердің мұндай ұсыныстарды қисындаудағы ойларының «жүйріктігін» атап өтпеуге болмас. Халықтың қазіргі, шынайы патриоттық көңіл-күйдегі ахуалын өз пайдаларына бұра отырып, ат спортына бәс тігуді ұсынушылар мұның бәрін «ұлттық дәстүрлерді жаңғырту, бәйгелердің болашақ чемпион сәйгүліктерін өсіріп-баптау» деген желеумен жалпылдатуда.

Бәлкім, біздің ата-бабаларымыздың қанында құмарлық болса болған шығар, бірақ әрбір хан ставкасында тотализатор тұрмағаны анық. Бұл жөніндегі біздің еліміздің тарихының парақтары жұлынып қалған шығар, сондықтан дөп басып айта алмаймын. Алайда осының бәрінің артында кейбір шенеуніктердің түкке татымас популизмі және мүлдем өзге мақсаттарды бүркемелеу тұрғанына күмән жоқ. Олардың кім екенін анықтау ғана қалады. Қазіргі таңда бұл сұрақтың жауабы жоқ.

Ешқандай бәс тігуге бас қатырмайтын, ат спортына да қызығушылығы жоқ азаматтар бұл мәселеге неліктен алаңдауы тиіс? Әрине, ойын бизнесі мемлекет экономикасына айтарлықтай үлес қосады, оның үстіне шетелден ақша тартылады. Дегенмен заңнамасын мың құбылтып, шимайлай беретін елге өзінің маңдай терін төгіп тапқан ақшасын әкелуге әзір кім бар екен? Оның үстіне ойын бизнесімен қалтасын қампайтын отырған бірде-бір елде ешбір спорт түріне мұндай артықшылықтар берілмейді. Өйткені бұл нарық ойыншыларының жүйкесіне тиеді. Ал біздің парламенттегілер адал бәсекелестік деген ұғым бар екенін естімеген сияқты.

Бір қызығы, біздің шенеуніктер, депутат болсын немесе үкімет болсын, ойын бизнесі туралы айтқан кезде ауыздарынан көбік атып, ойын бизнесінің жағымсыз жақтарын жіктей келе және халық арасында лудомандардың көбеюімен қорқыта келе, екі жылдан бері реттеушінің ойынға тәуелділіктен зардап шегетіндердің санын азайту, осындай тәжірибемен айналысатын медициналық ұйымдарға қолдау көрсету мәселесін шешіп жатқанын назардан тыс қалдырады. Сөйте тұра өздері жаңа тотализатор ашу туралы бастама көтеруде. Бұл патриоттық сезімнің біз білмейтін қандай қыры болды екен?

Сонда олар нені ұсынды? Жалпы осы саланың беделін түсіретін, бірақ салық жеңілдіктерін алатын ойын тотализаторының жаңа түрін. Бұған қоса нарықтың шетелдік инвесторлардың жалпы мемлекетімізге деген сенімсіздігін арттыратындай түрде бөлшектелетіні даусыз. Рас, соңғы тармақты толықтырып кетуге болады, дәлірек айтсақ, осылай бөліп алудан пайда көретіндер үшін айрықша жағдайлар жоқ емес, бұл жағдайда ат тотализаторының бенефициары шетел жақтан қылтиятын мүдделерді жақтап отырғандай көрінеді. Рим Империясынан қалған «бөліп ал да, билей бер» деген сөз еске еріксіз түседі.

Былай қарағанда, бәрі ата-бабадан қалған дәстүрлер мен өсиеттерге сәйкес, ұлттық сипатта. Немесе райымыздан қайтып, бүкіл әлемде көптеген жылдар бойы өзінің тұрақтылығы мен тиімділігін дәлелдеп келе жатқан жүйені бұзуға оқталмай-ақ қоямыз ба?

Нагимова Эля

Html code here! Replace this with any non empty raw html code and that's it.

Басқа да қызықтар

Телеграмға өтіңізspot_img

Мықты оқылатындар