11 C
Алматы
Пятница, 26 апреля, 2024
spot_img

Тоқаев Павлодарда: Өңдеу өнеркәсібінің экспорты 2025 жылға қарай 1,5 есеге, еңбек өнімділігі 30 пайызға артуы тиіс

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қарағанды сапарынан кейін бірден Павлодарға ұшып келді. Жұртшылықпен кездесуде Президент реформалар, энергия генерациясы, экология мен газбен қамтамасыз ету турасында сөз қозғады.

Павлодар – Қазақстанның дамуында үлесі мол, маңызы жоғары аймақ. Қазір Мемлекет басшысы тарапынан облыстар үшін стратегиялық маңызы бар міндеттерді айқындалып жатыр. Әр өңірге жеке тапсырма берілуде.

«Павлодар облысында «Қуатты өңірлер – қуатты ел» қағидаты айқын көрініс тапқан. Бұл аймақты экономикамыздың энергетикалық жүрегі деуге болады. Еліміздегі электр қуатының 40 пайыздан астамы осында өндіріледі. Қазақстанда шығарылатын көмірдің де жартысынан астамы Павлодардың еншісінде», — деп Президент, Павлодардың Қазақстан үшін маңызын атап өтті.

Қазіргі таңда Павлодар облыстың әрбір бесінші тұрғыны өңдеу өнеркәсібінде немесе отын-энергетика кешенінде жұмыс істейді. Еліміздегі мұнай-химия өнімдерінің үштен бірі, ферроқорытпалардың жартысынан көбі осы өңірде шығады. Сондай-ақ, бұл өлке өңдеу өнеркәсібінің және шикізаттық емес экспорттың көлемі бойынша алдыңғы орында тұр.

Соңғы 3 жылда Павлодардың жалпы өңірлік өнімі 28 пайызға өсіп, 3,9 миллиард теңгеге жетті. Ауыл шаруашылығы, құрылыс, сауда және басқа да салалар қарқынды дамып келе жатыр. Мұның бәрі жергілікті жұрттың тұрмысы жақсарып, әл-ауқатының артуына тікелей ықпал етеді.

«Ішкі құндылық пен экспортқа бағытталған өндірістерді дамыту бағдарламасы бар. Отандық өңдеуші кәсіпорындарды қолжетімді бағада және жеткілікті көлемде шикізатпен қамтамасыз етуге арналған «Өнеркәсіптік саясат туралы» Заң қабылданды. Жалпы, экономиканы әртараптандыру, өндірілетін тауарлардың ассортиментін кеңейту барлық өңірлер үшін бірінші кезектегі міндеттер болып табылады. Өткен жылғы Жолдауымда мақсат-міндеттерді атап көрсеттім. Өңдеу өнеркәсібінің экспорты 2025 жылға қарай 1,5 есеге, еңбек өнімділігі 30 пайызға артуы тиіс», — деді, Мемлекет басшысы.

Бірақ бұл ретте өнеркәсіптің дамуы қоршаған ортаға ауыр жүк түсіріп отыр. Еліміздегі шығарындылардың үштен бірі – жыл сайын шамамен 700 мың тонна қалдық Павлодар облысына тиесілі. Облыс тұрғындарын туған өлкенің жайы толғандырады. Экологиялық жағдай азаматтардың өмір сүру сапасының ең маңызды көрсеткіші болып табылады. Сондықтан өнеркәсіптік әлеуетті нығайту мен қоршаған ортаны қорғау арасындағы тепе-теңдікті сақтау өте маңызды.

«Тағы бір маңызды мәселе – газдандыру», — деді Президент. Ол үшін Үкімет өңірді газбен қамтамасыз ету жолдарына басымдық беруі керек. Бұл жасыл күн тәртібін толық іске асыруға және нақты тұрақты дамуға бағытталған маңызды қадам болады.

Сонымен бірге транспорттық-логистикалық проблемалар сөз болды. Павлодардың орасан зор транзиттік әлеуеті бар. Бірақ, Ертістен өтетін ескі көпір көлік-логистика саласын дамытуға мүмкіндік бермей отыр. Оның апатты жағдайда тұрғанына біраз жыл болды. Көпір арқылы жүк көліктерінің жүруіне тыйым салынған. Бұған дейін облыс орталығын айналып өтуге жол ашатын жаңа көпір салу жоспарланған болатын. Бүгін Президент Үкіметке келесі жылы осы жобаны бастауды тапсырды.

«Павлодар облысының экономикасын дамытуға өзге өңірлермен әуе қатынасын орнату айрықша ықпал ететіні анық. Қазір облыс орталығынан Астананың өзіне тікелей ұшақ ұшпайды. Үкімет жыл соңына дейін «Павлодар – Астана» бағытындағы тұрақты әуе қатынасын қалпына келтіруі керек. Сондай-ақ жергілікті әуежайдың ұшу-қону жолағын жөндеу мәселесін пысықтаған жөн», — деді, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев.

Html code here! Replace this with any non empty raw html code and that's it.

Басқа да қызықтар

Телеграмға өтіңізspot_img

Мықты оқылатындар