12 C
Алматы
Среда, 24 апреля, 2024
spot_img

Жасырын күштер Қазақстан экономикасын кәдімгідей шайқалта бастады

Оған халықаралық рейтинг агенттіктері бірден реакция берді. S&P Global Ratings сыртқы және қаржылық тәуекелдердің ұлғаюына байланысты Қазақстанның суверенді рейтингі бойынша болжамды «Тұрақтыдан» «Жағымсызға» түсірді. Демек, халықаралық аналитиктердің бізге деген сенімі төмендеп отыр.

Оның басты 4 себебі бар:

1. Каспий құбыр консорциумы

КТК құбыры — Қазақстан экономикасының басты күретамыры. Біздің мұнайдың 80 пайызы экспортталатын системаның ең негізгі бөлігі — танкерлерге мұнай құятын құрылғы Қара теңіздегі Новороссийск портында, яғни Ресейде орналасқан. Онда осы көктемнен бері 20 жыл бойы табылмаған түрлі ақаулар, тіпті дүниежүзілік соғыстан қалған миналар табыла бастады. Нәтижесінде біз мұнай экспорты жоспарын бұзып алдық және бюджетке түсетін табыс азая бастады. Ол Ресей ойыны екені түсінікті. Басты ойлары — Қазақстан экономикасын тежеп, оның күшеюіне жол бермеу. Осы рычагты пайдаланып, Қазақстан басшыларын санкцияларды айналып өтуге, Ресейге қажет құралдарды жеткізуге, Ресей экспортын шектеген азық-түлікті Қазақстанның да сыртқа сатпауына көндіргілері келеді.

2. Біздің қарыздар және пайыз ставкасының қымбаттауы

Үкімет қарыздарды тым көп алып алған. Енді оны қайтару жыл сайын бюджетке ауыр тиюде. Біз әлеуметтік көмекке және экономиканы жандандыру, арзан кредиттер бағдарламаларына ақшаны көп құртқанбыз. Соның әсерінен 2021 жылы қайтарған қарызымыздың көлемі 61,8%-ға артты. 2021 жылы біз ішкі және сыртқы қарыздарды қайтаруға 1,1 триллион жұмсадық.
Енді одан да ауыр жағдай туындады. Базалық ставка 14,5% болғандықтан, Қаржы министрлігі облигацияларының жылдық купонды сыйақысы 15%-дан кем болса, ол ешбір инвесторға қызық емес. Мемлекет үшін ішкі нарықтан қарыз алу, оны қайтару тағы да қымбаттап отыр.

3. Ұлттық Қордың инвестициялық табысына түскен ауыртпашылық

Жолдауда берілген уәдеге сай, Ұлттық Қор инвестициялық табысының тең жартысы балаларға арналған арнайы шоттарға үлестірілетін болады. Бұл механизм 2024 жылдан бастап жыл сайын Қордан шамамен 1,5 миллиард доллардың трансферттен бөлек алынып отыруын білдіреді. Ол ақша Қорда қалса, капитализацияға жағымды әсер берер еді. Не болмаса, сол арқылы бюджет дефицитін жауып отыруға да болады. Қордың инвестициялық табысына ауыз салу — мемлекеттің таза активтерін қысқартады деген тәуекел бар.

4. Қаңтар, Арыс, Қостанай сынды апат/диверсиялардың көбеюі

Кез-келген апаттан кейін Үкімет өз резервін жұмсап, зардап шеккендерге барлық шығындарды өтеп беріп жүр. Әрине, көмектесу керек. Бірақ осы апаттар тым көбейіп кеткен. Бір жағынан бұл сыртқы/ішкі күштердің әбден пысықтап, ұйымдасып дайындаған тірлігі сияқты. Бәріне бірдей көмектесе берген Үкіметтің резерві таусылады. Одан кейін тағы қарыз алады. Шырғалаң қарыз шеңберіне кіріп кеткенге ұқсаймыз.

Осы төрт фактор қордалана келе Қазақстанды артқа тарта бастады. Одан шығудың жолы — жаңа уәде бермей, ескі проблемаларды шешіп алу. Халықаралық сарапшылар осыны меңзеп отыр.

Html code here! Replace this with any non empty raw html code and that's it.

Басқа да қызықтар

Телеграмға өтіңізspot_img

Мықты оқылатындар