14 C
Алматы
Суббота, 5 октября, 2024
spot_img

Қазақстандағы жалғыз еуропалық банкті кім басқарады?

Еліміздегі Home Credit Bank былтыр өз акционерін ауыстырды. «Ресей Хоум Кредит энд Финанс Банкі» компаниясы акцияларын Чехия азаматтары сатып алды. Home Credit Bank активтерінің көлемі бойынша елде 13-ші орынға ие. Forbes Kazakhstan басылымының шолушысы Татьяна Батищеваға берген сұхбатында, Home Credit Bank басқарма төрағасы Кирил Бачваров банктің цифрлық дәуірде қалай дамып жатқаны туралы әңгімеледі. Dalainside.kz осы сұхбаттың маңызды жерлерін назарларыңызға ұсынады.

Forbes Kazakhstan: Ірі банктер маркетплейс, ақылды төлемдер, қашықтықтан онбординг құру арқылы нарықтағы өз позицияларын нығайтты. Осының аясында орта деңгейлі банктердің болашағы қандай?

– Әлемде классикалық банктердің бірнеше үлгілері бар. Бірінші үлгі – корпоративтік, орта және шағын бизнесте толық диверсификацияланған ірі әмбебап банктер. Әмбебаптық экономика масштабы және банктік бизнестің әртүрлі бағыттары арасында синергия құруға мүмкіндік береді. Екінші үлгі — мамандандырылған, мысалы, таза цифрлық банктер. Мысалы, ең жақсы клиентік тәжірибе қалыптастыратын Тинькофф және Revolut Bank туралы айтуға болады. Мамандандырылған банктерде олар ұсынатын өнімдер мен қызметтердің айқын жиынтығы және бірегейлігі бар. Мысалы, Revolut Bank-те бұл валюта бағамдары, ал Тинькофф посткеңестік кеңістікте бірінші болып толық цифрлық банк құрды. Қазақстанда мүлдем жоқ үшінші үлгі бар. Ол — бір қалаға қызмет көрсететін және өз клиенттерін ұрпақтан-ұрпаққа дейін білетін шағын аймақтық банктер.

Қазақстанда ірі әмбебап және орта мамандандырылған банктер бар. Олардың ішінде біз де бармыз. Бізде нақты тұжырым қалыптасқан. Бизнесін, ішкі құрылымын түсінбеген жерге бармаймыз. Home Credit — бөлшек сауда банкі. Биыл ғана біз шағын бизнеске қызмет етеміз деп шештік. Олар үшін жаңа қосымшаны іске қосамыз. Бірақ шағын бизнес банк үшін жаңа сегмент емес. Кезінде біз осы сегментпен серіктес ретінде жұмыс істедік, бұл бизнестің клиенттеріне несие бердік. Сондықтан бізде синергияны қалай құру керектігі туралы түсінік бар. Өз кезегінде, біз корпоративтік бизнеске қызмет етпейміз. Біз басқаларға карағанда жақсырақ болғымыз келетін шағын салада жұмыс істегіміз келеді.

Forbes Kazakhstan: Сіздің шағын және орта бизнеске деген көзқарасыңызды ескере отырып, банкті позициялау қалай өрбиді? Бұрын Home Credit Bank Қазақстанда күнделікті пайдалануға арналған отбасылық банк ретінде өзін танытқан еді. Бұл стратегия болашақта да жалғаса ма?

— Біз бөлшек саудадан кетпейміз. Біз тіпті оны жақсырақ дамыта аламыз және клиенттеріміздің санын көбейтеміз деп сенеміз. Мысалы, оларға бөліп төлеу, ең жақсы кэшбэк, серіктестердің бүкіл желісі бойынша 12 айлық бөліп төлеу мерзімі бар несие картасын ұсынамыз. Біз үшін ең бастысы, біз үшін жаңа болып табылатын шағын бизнес нарығына шығу арқылы біз тұтынушыларға көбірек құндылық ұсына аламыз. Енді бұл құндылықтарды қалай монетизациялау керектігін шешу керек.

Банкті отбасылық банк деп таныстыру біз үшін кешегі күн болып қалды. Қазір біз Home Credit-тің жаңа бейнесін жасау үстіндеміз. Құпияны әзірге ашпай-ақ қояйын. Біз тамыз-қыркүйек айларында жарнамалық науқан өткізіп, жаңа өнімдер мен жаңа несие картасымен бірге жаңа позицияны енгізгіміз келеді. Ол нарықтағы үздік ұсыныс болмақ.

Forbes Kazakhstan: Cіздер алтынмен айналысасыздар ма?

— Алтынмен жұмыс істемейміз. Оған нақты тұтынушы профилі қажет. Біз алтынға үлкен сұраныс болмайды деп ойлаймыз. Бірақ егер осы бағыт өкілдері маған келіп, мұны істеу қажет екенін дәлелдеп, нарықтық талдау арқылы перспективасын көрсетсе, онда біздің есік ашық.

Біздің өнім тобы айтарлықтай дербес қимылдайды. Біз оны agile (жеке топта икемді жобаларды басқару әдістемесі – ред.) ретінде жеке бөліп қойдық. Топ өзіне мақсат қояды және оны жүзеге асырады. Олардан клиент белсенді және мүмкіндігінше бізбен көбірек бірге болуын талап етемін. Бұл проблемаларды қай өнімдер шешетінін команда өзі анықтайды. Бұған дейін әр өнімнің табыстылығын есептеп, шығыны көп өнімді өткізбеуге тырыссақ, қазір басқаша ойлаймыз. Біз бір клиентке шаққандағы кірістілік туралы ойлаймыз. Клиентпен қарым-қатынасты сақтау үшін біз оған басқа бөліп төлеу жоспарын сата аламыз. Ол біз үшін артық шығын болса да, біз ортақ мүддеге сенеміз.

Forbes Kazakhstan: Сіздер желілік өнімді ұсыну жүйесін енгізесіз бе?

— Егер сіз экожүйе туралы айтып жатсаңыз, жоқ, біз оны құрып жатқан жоқпыз. Кейбір банктер өздерінің экожүйелерін сәтті жасай алды. Бізге олармен бәсекелесудің қажеті жоқ сияқты. Біз серіктестікке ұмтыламыз. Яғни, стандартты өнімдерді сатуға ғана емес, сонымен бірге олармен жаңа нәрселерді ойлап табуға мүмкіндік беретін негізгі серіктестіктермен жұмыс істеуге дайынбыз. Қазір мен біз көп жылдар бойы жұмыс істеп келе жатқан серіктестер туралы, атап айтқанда Қазпочта және бөлшек сауда компаниялары туралы ғана емес, сонымен қатар біз жаңа өнімдер мен құндылықтарды бірлесіп жасауға дайын телекоммуникация және электронды коммерция компаниялары туралы айтып отырмын.

Forbes Kazakhstan: Қазіргі уақытта банк клиентті тартуға қанша ресурс жұмсайды?

– Біз бастапқы тартуға көбірек төлеуге дайынбыз деп айтар едім. Себебі, бізге клиентке берер ұсыныстар көп және ол екі жаққа да тиімді. Жаңа клиент тартуға 7 000-10 000 теңгеден артық шығын шығармауға тырысамыз.  Қазір орта есеппен әртүрлі өнімдерді түрлі арналарда тарту үшін 7000 теңгедей шығады. Қарым-қатынасты қалай дамыту керектігін, екінші және үшінші өнімді тұтынушыға қалай өткізу керектігін түсінбесек, онда мүмкін болғанша шығынды азайтуға тырысар едік.

Forbes Kazakhstan: Биылғы жылдан қандай үміт күтесіз?

— Мен инфляцияның азаюын және базалық мөлшерлеменің төмендеуін көргім келеді. Нарықтағы ресурстардың жалпы құнын төмендету арқылы біз қазір тәуекел тексерісінен өтпей тұрған клиенттерімізге қолжетімді несиелер ұсына алар едік. Қазір оларға несие бере алмай отырмыз.

Forbes Kazakhstan: Несиелер әлі де сіздің басты өніміңіз ме?

— Әзірге, ия. Бірақ мен пайыздық кірістен комиссияға ауысқым келеді. Еуропаға қарағанда Қазақстан нарығында мұны іске асыру қиын. Өйткені халық есепшот жүргізу үшін банкке ақша төлеуге дағдыланбаған. Мысалы, Италияда ағымдағы шот жылына 100 еуро тұрады. Картаға қосымша ақы төленеді. Қазақстандағы бәсекелестік клиенттің тым еркелеп кетуіне алып келді. Мұны да ескеру керек.

Шағын бизнес үшін цифрлық банкингті іске қосудағы негізгі мақсаттың бірі – кірісті көбіне комиссиядан алу. Бұл ретте базалық мөлшерлемені төмендету бізге үлкен көмек береді.

Html code here! Replace this with any non empty raw html code and that's it.

Басқа да қызықтар

Телеграмға өтіңізspot_img

Мықты оқылатындар