22 C
Алматы
Четверг, 28 марта, 2024
spot_img

Эколог: «Радиофобияны жеңу – оңай емес. Оған уақыт керек

Елдің энергетикалық қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін әр елдің өз АЭС-і болу керектігі жөнінде сала мамандары, қоғам белсенділері биік мінберлерде айтып жүр.

Қазақстанда АЭС салушы вендорды таңдау күн тәртібінде тұр. Білетініміздей, халық арасында атом энергетикасы бойынша ақпараттық-түсіндіру жұмыстары белсенді жүруде.

АЭС салатын орын ретінде Алматы облысындағы Үлкен ауылының маңы Балқаш көлі жаны қарастырылып отыр. әлемнің 30-дан астам елінде бар АЭС – таза энергия көзін өндіретінін және экологияға тигізер залалы аз екенін мысалдармен түсіндіріп жүрген эколог мамандар аз емес. Дәл қазіргі қолданып жүрген парниктік газ бен көмірдің ауаны ластайтынын да айтып дабыл қағуда.

Бұл жөнінде эколог Орынбасар Тоғжановтан сұрағанымызда, «Ғылыми зерттеулер тұрғысынан айтсақ, АЭС-тің Балқаш көліне тікелей зияны бар деуге негіз жоқ. Суды тек тұтас жүйені салқындату үшін ғана қолданады» — деді.

«Сол үшін де көп ел АЭС-ті теңіздің, көлдің жағасына салады. Бүгінде адамзатты қатты қинап тұрғаны – бүкілғаламдық жылыну процесі. Бұл өмір сүруді аса қиындататын процесс. Осы жағынан алғанда атом электр станциясының пайдасы бар. Біріншіден, атмосфераға ешқандай көмірқышқыл газын, басқа да парниктік газдарды шығармайды. Бір сөзбен айтқанда, АЭС – ең таза экологиялық әрі тиімді энергия»

Эколог Орынбасар Тоғжановтың пікірінше, АЭС өзінің қызмет ету мерзімі аяқталғаннан кейін де жұмыс істей береді. «Яғни, кемінде 20 жыл үздіксіз әрекетте болады. Бірте-бірте сууы керек. Ал одан кейін залалсыздандырылады.

«Энергетикалық қауіпсіздікті қамтамасыз ететін энергияның бірден-бір көзі – АЭС. Бұл елдің интеллектуалдық әлеуетін, деңгейін көтереді. АЭС-ті пайдалану – ғылымды дамытуға ерекше үлес қосады, жас ғалымдардың атом саласына деген қызығушылығын оятады. Экономика дамып, инфрақұрылым мәселесі шешіліп, өнеркәсіп орындары ашылады», – дейді эколог О. Тоғжанов.

Қазір халық арасында АЭС-ті қолдаушылар саны аз емес, тек радиофобияны жеңу керек дейді мамандар. Бұл тұрғыда эколог Орынбасар Тоғжанов: «Радиофобияны жеңу – оңай емес. Оған уақыт керек. Ең бастысы, халық арасында жүріп жатқан ақпараттық түсіндіру жұмысын тоқтатпай жүйелі түрде әрі қарай жүргізе беру керек. Мамандар халықпен кездесуді жалғастырып, қажетті материалдарды БАҚ-та әлі де жариялай беруі қажет. Бұған МАГАТЭ мамандары да пікір білдіргені жөн. Мәселен, Франция электр көзінің 60 пайызын АЭС-тан алады. Ал радиофобия жайлаған Германияда станция жұмысын тоқтатып жатыр. Бірақ күніне бірнеше рет жер сілкінісі тіркелетін Жапонияда АЭС көп. Ондаған станция бар. Мұнда бір ғана апат болды. Жұрт Фукусимадағы бұл апаттың себебі мен салдарын білмей тұрып, үрейге бой алдырады. Негізінен бұл адам факторынан болған апат. Құрылыс жұмысы кезінде цунами болатын жағалауға жақын жеріне толқынның күшін азайтатын су астындағы құрылғы салынбай кеткен», — түсіндіреді.

«Жалпы алғанда, қазір АЭС-тердің қауіпсіздігі жетілдірілді. Сондықтан да сенімді энергия көзіне айналды. Энергия қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін электр энергиясын өндіру керек. Бүкілғаламдық жылыну процесін болдырмай және осыған қарсы күрес жүргізу үшін отын жағуды, яғни көмір, газ, мазут болсын, көмірсутекті жағуды барынша азайтып, тіпті тоқтатуымыз қажет. Қалай болғанда да, адамзат өмір сүруі үшін парниктік газды шығаруды доғаруды қолға алған жөн. Ең таптырмайтын энергия көзі, сенімді әрі тиімді қуат көзін   беретін – АЭС»

«Балама энергия көздері – су, жел, күн электр станциясын неге дамытып, пайдаланбаймыз?» дейтіндер де бар. Бұған экологтың жауабы дайын. «Әрине, балама энергия көзін пайдалануға болады. Бірақ бұлар ауа райына тәуелді. Күн бұлтты болса, энергия аз өндіріледі. Түн уақытында мүлдем жоғалады. Ал жел электр станциясы – желдің қуатына байланысты. Жел тұрақты соғып тұрса, әрине жақсы. Алайда, жел де ешқашан үнемі бірқалыпта тұрмайды. Сол сияқты елімізде су электр станциясын салу мүмкіндігі аз. Бұл энергия көздерін пайдалануды жалғастыра беру керек. Дегенмен, болашақтың энергиясы – отын жағатын энергия емес, балама энергия көздері мен АЭС болып қала бермек», – деп түйіндеді пікірін эколог Орынбасар Тоғжанов.

Html code here! Replace this with any non empty raw html code and that's it.

Басқа да қызықтар

Телеграмға өтіңізspot_img

Мықты оқылатындар