4 C
Алматы
Суббота, 13 апреля, 2024
spot_img

Ермек Қожамсүгіров: Экономикалық дамыған мемлекеттер атом энергиясын пайдаланады 

АЭС салудың артықшылығы қандай? Қай мемлекеттер атом энергетикасының оң нәтижесін көріп отыр? Бұл жөнінде Ғылым академиясына қарасты Металлургия институтының сирек кездесетін элементтер зертханасының инженері Ермек Әмірұлы Қожамсүгіров айтып берді.

Қазір қоғамда АЭС салу мәселесі қызу талқыға салынып жатыр. Маман ретінде сіздің пікіріңізді білсек…

– Жеке азаматтық көзқарасым бойынша, Қазақстанға АЭС ауадай қажет. Тек біреуі емес, мүмкіндік болса болашақта батыс, шығыс, оңтүстік және солтүстік өңірде төрт станция салынуы керек деп ойлаймын. Мысалы, бір Оңтүстік Кореяның өзінде 26 атом реакторы жұмыс істейді. Дүниежүзіндегі қуаты жағынан ең мықты, ең үлкен АЭС осы елде. Қазір Оңтүстік Корея тұрақты, кепілдендірілген, арзан энергия көзінің арқасында дамып келеді. Ал АҚШ-та 142 атом реакторы, Жапонияда 52 атом реакторы бар. Сол сияқты Франция электр энергиясының 80 пайыздан астамын АЭС арқылы қамтамасыз етіп отыр. Әлемнің дамыған елдері, әйгілі G7, G8-ге кіретін мемлекеттерде атом энергетикасы айтарлықтай жоғары деңгейде дамыған. Неге десеңіз, атом энергетикасы мемлекеттің экономикалық дамуының локомотиві. Сондықтан Қазақстанда да АЭС салынса, ол бүкіл еліміздің даму драйвері бола алады. Тіпті, АЭС-тың арқасында басқа да өндірістерге жан бітуі әбден мүмкін.

Егер АЭС салынса, Қазақстанды энергетикалық қауіпсіздікпен тұтастай қамтамасыз ете ме?

– Елімізде кеңес одағы кезінде Ақтау қаласында дүниежүзіндегі бірінші реактор іске қосылған. Әуелгіде Форт-Шевченко қаласындағы BN 350 реакторы, кейін оны Маңғыстау энергия комбинаты деп атады. Бұл эксперименталды реактор талай жыл ешқандай ақаусыз жұмыс істеді. Бірақ неліктен халық радиофобиядан ажырамай отыр? Алайда, еліміздің тәуелсіз мемлекет болғанына 30 жылдан асты. Қазақстан уран, мұнай, мыс, мырыш өндіруде көшбасшы елге айналған. Осының бәрін игеріп отырғанда, неге АЭС-ті басқара алмасқа? Халықтың бойындағы үрей мен қорқынышқа себеп – Хиросимадағы, Фукусимадағы, Чернобыльдағы апатты оқиға. Егер біз қауіпсіздік ережесі мен талабын сақтасақ, АЭС те пайдалануға берілген уақыттан бастап соңғы мерзімге дейін ешбір ақаусыз жұмыс істейді. Тіпті, ректорлар межелі уақыттан кейін де қосымша 20-30 жыл істей береді. Демек, Қазақстан электр энергия өндіруден ғана емес, қауіпсіздік, өндіріс мәдениеті, мамандардың интеллектуал деңгейі жөнінен де көшбасшы бола алады.

Елімізде бүгінде екі ғылыми-шаруашылық реакторы бар. Оның біреуі Курчатов қаласында, енді бірі Алматы маңындағы Ядролық физика институтында. Біз қазірге дейін осы реакторлармен жұмыс істеп келдік қой. Ал енді тұрақты, арзан электр қуатын өндіретін АЭС салынса, тілін білетін мамандар бар. Қазір жыл сайын елімізден шетелге физика, химия, математика саласының, яғни нақты ғылым  мамандары кетіп жатыр. Жыл сайын елімізден шамамен 20 мың маман шетелге жол тартады. Егер АЭС салып, атом энергетикасына қатысты инфрақұрылымды дамытсақ, бұл мамандар өз елімізде қалып, аянбай жұмыс істейтін еді. Сонау 1990 жылдардың басында заңгер мен экономист мамандарды ғана дайындай бердік. Соның салдарынан бүкіл өндіріс тоқтап қалды. АЭС іске қосылса, ядролық физика, химия, энергетика саласына қызығатын жастар  қатары артатыны сөзсіз. Сонда ғана ғылым дамып, алға өрлейді. Жастар – біздің болашағымыз. Мемлекет олардың елімізде қалуына жағдай жасап, қаржылық, материалдық, әлеуметтік әлеуетін жақсартуына көңіл бөлуі керек.

Қазір еліміз жылу мен қуат көзін ЖЭО арқылы қамтамасыз етіп отыр. Бірақ биыл қыста Екібастұзда болған апат халықты әбігерге салды. Алайда, АЭС салынғанға дейін қандай балама энергия көзін дамытуға болады?

– Бұл мәселе де өзекті. Еліміз декарбанизация бойынша Париж келісіміне қол қойса да, әзірге көміртегіден құтылу оңайға соқпайды. Шын мәнінде, көмір жағатын ЖЭО-да да жұмыс істейтін инженер АЭС-те де істей алады. Екеуінде де бір генератор. Бір айырмашылығы, ЖЭО-да көмір, ал реакторда изотопты уран болады.

Бізде күн, жел балама энергия көзін дамыту қолға алынған. Бірақ оның жағымды және жағымсыз тұсы бар. Бізде үнемі жел тұрмайды. Төрт мезгілдің ауа райы да басқа. Сондықтан да жел генераторы тұрақты энергиямен қамтамасыз ете алмайды. Тура осы мәселе күн генераторына да қатысты. Қазақстанда наурыз айынан тамыз айына дейін орташа есеппен 12 сағат күн жарқырап тұруы мүмкін. Ал одан кейін күн көзі көп шыға қоймайды. Сондықтан мұның артықшылығы да, кемшілігі де бар. Жаз кезінде күн панелдері 15-30 градусқа дейін істейді. Оның үстіне Қазақстан аумағында күн радиациясы жоғары. Бұл күн панелін құртуға әкеп соғады. Күн және жел балама энергия көзінің қауқары мен күші ауқымды өндіріс ошақтарына жетпейді. Мұны тек шалғайда жатқан елді мекендердегі мал және ауыл шаруашылығымен айналысатын қожалықтарға пайдалануға болады. Мұздатқышты қосуға, телефон қуаттауға күші жетеді. Ал машина жасау, металлургия зауыттары үшін АЭС салу қажет.

— Қазақстан үшін АЭС-ты қай мемлекеттің салғанын құп көресіз?

— Бәлкім, АЭС-ты бір емес, концорциум ретінде бірнеше мемлекет салған дұрыс шығар. Өзінің елінде атом станциясын салып, нәтижесін көріп жүрген вендорды таңдауымыз керек. Бұл мәселені еліміздің энергетик сарапшылары зерттеп, зерделеп негізгі критерийлерді есепке алып, жоғары жаққа жеткізуі қажет. Бізде бұл саланың бүге-шігесін білетін мамандар жеткілікті. Мәселен, әр елдің реакторының қуаты әртүрлі. Реактор таңдау үкіметаралық мәміле мен МАГАТЭ ұсынысы арқылы қабылданатыны сөзсіз. Десе де, атом энергетика саласында тұрақты, кем дегенде 50 жылдай жұмыс істеп келе жатқан елдің вендорына тоқталуымыз тиіс.

— Мамандар АЭС соңғы үлгідегі буын ректоры арқылы жұмыс істейді дегенді айтады. Десек те, жұрттың бойындағы үрей мен қорқынышты қалай сейілтуге болады?

— АЭС-тың болашақтағы жетістігі мен пайдасы жайында көбірек айта беруіміз керек. Егер тұрғындар осы тақырып аясында молынан ақпараттанып, білімге қанықса, атом энергетикасының артықшылығын түсінетін еді. Біздің қоғамда, әсіресе әлеуметтік желіде тексерілмеген, жалған ақпаратты таратушылар көп. Керітартпалық пен бойкүйездіктен арылмасақ, ілгері баспаймыз. Меніңше, көпті жаңылыстыратын, арандатушы пікір қалыптастыратын блогерлерді, коммерциялық емес ұйым өкілдерін азаматтық жауапкершілікке тарту керек сияқты.

Олар мысал ретінде Фукусимадағы жарылысты, Чернобыльдағы апатты ғана айтады да, бірақ әлемде 50-60 жылдан бері үздіксіз жұмыс істеп келе жатқан АЭС-тер жайында тілге тиек етпейді. Егер тұрақты жұмыс істеп, елін энергия көзімен қамтып келетін АЭС туралы шынайы ақпарат берілсе, тұрғындарда да күмәнді ой қалмас еді. Тағы бір айта кетерлігі, АЭС жайында осы саладан хабары бар мамандардың ғана пікіріне құлақ асу керек.

— Қазақстан уран өндіру бойынша әлемде бірінші орында тұр. Десек те, мұны өз игілігімізге жарата алмай отырғанымыз өкінішті. Осы тұрғыда не айтасыз?

— Мәліметтерге сүйенсек, еліміз жылына шамамен 20 мың тонна табиғи уран өндіреді екен. Оның бәрі экспорт саудасына кетіп жатыр. Біз бидай өсіріп, ұнға айналдырып, наубайханаларға жіберіп, нан пісіреміз. Нан – ас атасы. Ал бидайды экспортқа шығарсақ, олар өнім өндіріп өзімізге сатады. Егер уранды бидаймен салыстырсақ, біз уранды арзанға сатып, нәтижесінде пайдасын көрмейміз. Себебі, уранды шикізат күйінде сатамыз. Мысалы, Қазақстан мамандарының әлеуетінің арқасында уранды өзімізде қайта өңдесек, ғылымға енгізсек, онда уран құны да жоғары болады. 1 мың тонна табиғи уранның эквиваленті 100 пайыздық 16 млн тонна көмірді құрайды. Ең арзан кокостың тоннасы – 500-600 АҚШ доллары. Ал 1 мың тонна уранды 100 доллардан 100 млн долларға сатамыз. Біз орташа есеппен 20 мың тонна табиғи уран өндірсек, Қазақстан мұны 2 млрд АҚШ долларына сатады. Демек, әрбір мың тонна уран 16 млн тонна көмірді алмастырса, сонда 20 мың тонна уран 320 млн тонна көмірді алмастыра алады. Егер Қазақстан уранды шартты түрде кокостың бағасымен сатса, онда 320 млн кокосты 196 млрд долларға бағаланады. Сонда Қазақстан бюджеті жылына 35-36 млрл долларға толысатын еді.

Көрдіңіз бе, біз уранды шикізат ретінде екі есе арзан бағаға сатып жүрміз. Қаншама табиғи байлықты жоғалтып отырмыз. Уран қоры көп дегенде 30-40 жылға жететін шығар, сосын оның да түбі көрінеді. Егер АЭС болса, өзімізде шығатын табиғи уранды электр көзін өндіруге пайдаланып, игілігін көретін едік. Уранымыз бар кезде өз АЭС-іміз де болуы керек. Содан кейін халық оның еліміз үшін қандай табыс әкелетінін көреді. Айта кету керек, АЭС 1 кВТ электр энергиясымен қоса, 2 кВТ жылу өндіреді. Мұны шағын қалаларды, жылыжайларды жылытуға тегін беруге болады. Біз осындай мүмкіндіктерден қағылып отырмыз. АЭС салсақ, ауыл шаруашылығы, өнеркәсіп орындары, теміржол, жоғары білім, ғылым дамиды. Қазақстан ұлтының өзін бағалау арқылы беделі артады. Ол үшін шикізат сатуды азайтып, оны ғылыми тұрғыда өнім алуға пайдалануымыз қажет.

Қазақстаннан көлемі жағынан екі есе кіші Өзбекстанда 2 атом станциясын салып жатыр. Болашақта АЭС арқылы экономикада, білім мен ғылымда, әлеуметтік салада жоғары деңгейге жетеді. Қытай халық республикасы да 30-ға жуық атом ректорын салуды қолға алды. Бұл ел бір жылда 4 млн тонна көмір жағады екен. Бұл дегеніміз экологияның ластану деңгейінің жоғары екендігін көрсетеді. Ал АЭС – жасыл энергетикаға жатады. Есесіне, Қазақстан темірді де, уранды да, мұнайды да шикізат күйінде сатуда. Демек, еліміздің энергетикалық қауіпсіздігін нығайтатын – атом энергетикасы. «Елімізде табиғи уран өндіреміз. Соның арқасында АЭС салып, жемісін көріп жатырмыз» дейтіндей тарих парақтары ашылатыны сөзсіз.

— Сұхбатыңызға рақмет!

Html code here! Replace this with any non empty raw html code and that's it.

Басқа да қызықтар

Телеграмға өтіңізspot_img

Мықты оқылатындар