10 C
Алматы
Пятница, 26 апреля, 2024
spot_img

Қазақстандық шабандоздар ат жарыстың әлемдік элитасына оралуға ниетті

Республикалық зауыттық жылқы тұқымдары палатасы Olimpbet БК-мен ынтымақтастық орнатқанын хабарлады.

Алматыда наурыздың 15-і күні зауыттық жылқы тұқымдары жөніндегі республикалық палата мен Olimpbet букмекерлік компаниясы арасындағы ынтымақтастықтың басталуына арналған баспасөз мәслихаты өтті. Бұл екі жақты серіктестік келісім жылқылардың зауыттық тұқымдарының санын көбейтуге және еліміздегі ат спортының дамуына ықпал ететін бастама.

Алдағы уақытта Қазақстандағы аламан бәйгелердің барлығы Olimpbet ұйытқы болады. Биылғы жылға алыс-жақынға шабатын ірілі-ұсақты мұндай 120 іс-шара жоспарланған.

Қазақстан букмекерлер қауымдастығының төрағасы Елдар Жұма ат спортына Olimpbet-тің қолдау көрсетуін оң бағалады.

«Бұған дейін компанияның қолдауымен бәйгеден алғашқы ел біріншілігі өткен болатын. Енді Olimpbet жалпы отандық жылқы шаруашылығына көмектесуге мүмкіндік алып отыр», – деді ол.

Оның пайымдап өткеніндей Жаңа Қазақстанда мемсектор мен бизнестің арасында жүйелі диалог орнаған, бизнес пен билікті арасындағы делдалдардың дәуірі келмеске кеткен. Olimpbet пен республикалық Зауыттық жылқы тұқымдары палатасының ықпалдастық орнатуы осының дәлелі.

«Инвестициялық тұрғыдан тартымды салаға қаржы құюдан Olimpbet ұтылған жоқ, бұдан үкімет те пайда көріп, бюджетке қосымша салық түседі», – деді ол.

Olimpbet-тің даму бойынша директоры Константин Гусев аталған жобаның тек әлеуметтік сипатқа ие екенін айта келе, компанияның бұдан пайда көруді мақсат тұтпайтынын атап өтті. Басты мақсат – экономикадағы жаңа бағыттың халықаралық стандарт негізінде дамуына жол ашу.

«Ат жарысы әлемдік элита өкілдерінен бастап, Форбс-тағы қалталы қауымға дейін қызығушылық танытатын дегдар спорт. Біздің Қазақстандағы жылқы шаруашылығын, ат спортын қолдауымыз бекер емес. Осы саланың инфрақұрылымын толық жаңартып, көрерменнің қызығушылығын көтеруді, саланың инвестициялық тартымдылығын арттыруды көздеп отырмыз. Қазақстанды әлемдік ат спортының элитасы қатарына қосқымыз келеді», – деді компанияның өкілі.

Республикалық зауыттық жылқы тұқымдары палатасының президенті Талғат Жайсаңбаев мұндай ынтымақтастықтың маңыздылығына мұқият тоқталды.

«Біз мұндай келісімге қол жеткізерімізге соңғы сәтке дейін сенген жоқпыз. Жылқы шаруашылығы, ат спортын дамытуға Olimpbet-тің деңгейіндегі айтулы компанияның қызығушылық танытып, қомақты қаржы құюға әзірлік білдіруі ат спортының айналасында жүрген азаматтар мен осы спорттың жанкүйерлері үшін ақжолтай жаңалық.

Olimpbet-пен әріптестік орнатқан соңғы бір жылда жылқы шаруашылығының өне-бойына қан жүгіріп, шырайы кіріп қалды. Ат спортын алыстап кеткен азаматтардың басым көпшілігі сүйікті кәсібіне қайта оралды.

Компания елімізде ат жарыстан турнир өткізуге қомақты инвестиция құятынын мәлімдеді, биыл мұндай 120 іс-шара өтеді. Бұл Қазақстандағы жылқы басының санын көбейту мен оны асылдандыру ісіне серпін береді. Осының арқасында еліміздегі ат спорт әлемдік дәрежеге көтеруге мүмкіндік туады.

Қазақстан асыл тұқымды жылқылары мен қолайлы климатымен, сондай-ақ баптайтын мамандарымен танымал. Ал оған нарықта көшбасшы саналған Olimpbet БК-ның қолдауы елдегі жылқы өсіру дәстүрін қайта жаңғыртуға қажетті серпін болмақ», – деді ол.

Ат спортының халықаралық дәрежедегі төрешісі Нәдір Хасанов Olimpbet БК-тың осынау салаға қолұшын созғаны үшін алғыс білдіріп , осы арқылы Халықаралық ат жарысы федерациясына қосылуға талаптану керектігін еске салды.

«Ат спортымен айналысатын жетекші мемлекеттердің бәрі осы федерацияның құрамында. Біз де осы салаға бөлінген ақшаны дұрыс игеріп, қауымдастық қатарына қосылуға ұмтылуымыз қажет. Бұл Қазақстандағы ат спортының потенциалын паш ететін мүмкіндік», – деді ол.

Өз кезегінде Qazaq Jockey Club-ының төрағасы Мақсат Ахаев Olimpbet-пен әріптестік жылқы шаруашылығының еңсе тіктеуіне оң әсер етіп, бұл келісімнің экономикалық сипатына тоқталды.

«Olimpbet букмекерлік компаниясына алғысымды білдіремін. Қазақ елі Совет одағы кезінде аузымен құс тістеген тұлпарларымен танымал болған еді. Алайда кейінгі кездері бұл сала қараусыз қалып, ат спортын бүге-шігесіне дейін білетін кәсіби мамандар базар жағалап кетті.

Бүгінгі келісімнің арқасында қалталы азаматтардың жылқы өсіруге деген құлшынысы артып, бәйге аттарын баптайтын шаруашылықтар көбейуі керек.  Облыстарда, аудан-ауылдарда жоқшылықтың кесірінен астындағы атын сатып, жүген ұстап қалған қаймана қазақ жылқы малына қайта ораларына кәміл сенемін.

Olimpbet-тің Қазақстандағы жылқы шаруашылығын дамытуға бағыттап отырған қаржысы қомақты. Бұл сала арзан кәсіптің санатына жатпайды. Бәйгеге қосатын бір жылқыны күтіп-бағу үшін (атбегісі бар, тағашысы бар, даяшысы бар, шабандозы бар) кем дегенде 8 адам қажет. Жылқы өсіру қалалық жерге қолайына келмейді, бұл ауылдың азаматтарға арналған. Бүгінгі келісімнің арқасында аудан-ауылдарда екі қолға бір күрек таппай теңселіп жүрген жүздеген, мыңдаған азамат тұрақты жұмысқа орналасады.

Англияның өзінде ат спорты 20 мыңды адамды асырап отыр, бұл саланың әлеуеті өте жоғары. Жылқы өсірудің пайдасы көл-көсір. Оған тек сорпа-соғым ретінде қарап, бұл саланың мүмкіндігін шектеп тастауға болмайды.

Қазақ жылқыға құмар халық. Десе де, соңғы жылдары бұл сала қараусыз қалып, ат-қоралап қаңырап қалды.  Бұл тұрғыда бізді жапондар басып озды. Жүйрік атты жаратуға келгенде асқан ұқыптылық танытып, бүгінгі таңда токиолық тұлпарлар әлемдік аламанның алдын бермеуде. Біз де осы деңгейге жетуді мұрат тұтамыз», – деді ол.

Республикалық зауыттық жылқы тұқымдары палатасының президенті Талғат Жайсаңбаевтың айтуынша қазақтың ат сейістері әлемдік ат спортының нарығында жоғары бағаланады.

«Біздің жігіттер жылқының бабын біледі. «Тарыға байлап, сүтке суарып» жемдеу, таң асырып, қамау терін алу біздің жігіттердің ғана қолынан келетін іс. Қазақтың атбегілерін Еуропаның жылқы ұстайтын магнаттары аттай қалап алдырған болатын. Бұл әлемдің ат спортының айналысындағы қалталы азаматтардың Қазақстан ат өнеріндегі әлеуетін мойындайтынын білдіреді», – деді ол.

Жиында сөз алған сарапшылардың мәліметінше Қазақстан жылқы саны жөнінен әлемде 6-шы орында тұр. Еліміздегі Қамбар атаның ұрпағы 3,8 млн-нан асып жығылады еді. Рейтингтің төбе басында – АҚШ пен Моңғолия тұр.

«Біз санға емес, сапаға да көңіл бөлу керекпіз. Жылқы малын асылдандыру үрдісі мүлдем тоқтап қалды. Жылқы маусымдық азық іспетті, соғым науқанында ғана сұранысқа ие болады. Мәселен, Германиядағы жылқы малының саны 1,2 млн. Алайда олардың жиынтық құны Қазақстандағы 3,8 млн жылқыдан қымбат. Неміс жылқысының орташа бағасы 20 мың евроның төңірегінде.  Елімізде жылқының құнын базардағы бағана қарап бағалайтынымыз өтірік емес, шамамен 1000-2000 доллардың айналасы. Жылқы малын асылдандыру үрдісі үзіліп қалды. 70 мың жуық асыл тұқымды жылқы бар, олардың ішінде бәйгеге қосуға жарайтынын бөлек іріктейсіз.

Елдегі ат спортының белсенділігі де соңғы кездері бәсеңдеп кетті. Қазақтың табиғаты, жан-дүниесі жылқыға жақын екенін ескерсек, бұл спортты төрге оздыруға тиіс едік. Оның еліміздегі №1 спорттық додаға айналатын потенциалы бар. Ат спортының айналасындағы жүрген 350 мыңға тарта азамат бар, олар бұл сөзімізді растай алады. Бәйге десе делебесі қозатын қазаққа аламан жарыстарға сусап отыр», – дейді сарапшылар.

Анықтама

Olimpbet – еліміздің спорт саласын белсенді түрде қолдайтын және дамытатын Қазақстандағы ең ірі букмекерлік кеңсе. Olimpbet-пен көптеген отандық федерациялар, клубтар мен спортшылар демеушілік келісім-шартқа отырған. Компания ел өмірінің әлеуметтік аспектілеріне қатысу арқылы ұлттық спорт түрлерін дамытуға қолдау көрсетеді.

Html code here! Replace this with any non empty raw html code and that's it.

Басқа да қызықтар

Телеграмға өтіңізspot_img

Мықты оқылатындар