Жаңа Қазақстанның аяқ алысына көңілі толмайтын қазақтардың қарасы көбейіп келеді. Өзгерістен үміт үзе бастаған олар комфортты өмір сүретін орта іздеуде. Ол үшін құрлық асуға да әзір.
Ал, шалғайдағы Канада дейтін бай-бақуатты елге жұмыс күші жетіспей жатыр. Туу көрсеткіші төмендеп, адами капиталдың потенциалы сарқылу үстінде. Елде зейнеткерлердің саны күрт өскен, ал қолға күрек ұстауға жарайтын адам саны күн өткен сайын кеміп барады.
Мұның алдын-алу үшін ел үкіметі үстіміздегі жылдың қаңтарынан бастап 2025 жылға дейінгі аралықта жыл сайын 500 мың адамды құшақ жая қабылдайтын болады. Осылайша алдағы 3 жылда Канада халқының саны 1,5 млн адамға ұлғаяды.
Көптен бері осы елге қоныс аударуды көздеп жүрген қазақтар мұндай мүмкіндікті мүлт жібергісі келмейді. Жастин Трюдо үкіметі жұмыс істеуге құлшынып тұрған мигранттарды өкпелетпеуге уәде беріп отыр.
Кореяда табыс тауып, комфорт өмірдің шет-шағасын көрген қазақтар ит арқасы қияндағы Канадаға сапар шегуге әзір. Олар осы елде ұрпақ өрбітіп, біржолата тұрақтап қалуға кет әрі емес.
Тоқаевтың тұсында айтарлықтай өзгеріс боларына күмәнмен қарайтын аудитория өмірінің «жеті жылын» бекер өткергісі келмейді.
Канадада 38 млн-ға жетеқабыл халық тұрады. Жер көлемі жөнінен Ресейге ғана дес беретін мемлекет үшін бұл тым мардымсыз көрсеткіш. Ел экономикасын құлдыратпау үшін Трюдо үкіметіне мигранттар ауадай қажет.