Қытай 15 жылда 150 атом реакторын салады. Оған қажет уран таблеткаларын (арнайы кешенді құрам) Қазақстан беретін болады. Өскемендегі «Үлбі-ТВС» зауыты биылдан бастап Қытайда жұмыс істеп тұрған АЭС-терге таблетка жіберді.
Қытай жыл сайын 6-8 реакторды іске қосуды жоспарлап отыр. Солайша, 2035 жылға қарай Қытайда өндірілетін барлық электр қуатының 10 пайызы АЭС арқылы алынбақ. Қазір ортақ генерациядағы атом энергетикасының үлесі 5%. Бір АЭС стандарт бойынша 2 энергоблоктан (реактор) тұратынын ескерсек, 150 реактор дегеніміз 75 АЭС болады.
Жоспар бойынша, 2 жылдан кейін Қытай АЭС арқылы 70 миллион кВт электр қуатын өндіруі керек. Биыл Қытайда ортақ қуаты 55,78 млн кВт болатын 54 реактор жұмыс істейді. Оған қоса, 23 реактордың құрылысы жүріп жатыр.
Қытай — әлемдегі ең үлкен энергия тұтынушы ел. Ол тоқты пайдалану жағынан АҚШ-тан озып кеткен. Осы электрдің 60 пайызын Қытай көмір жағып, содан алып отыр. Бірақ, көмір қырсығынан экология нашарлап барады.
Қазақстанға бұл не береді?
Қытай «Росатом» сияқты біздегі уран кен орындарын басып алмай, терезесі тең әріптестік орнатқысы келеді. Бізге Қытай өз технологиясы бойынша зауыт салып берді. Ал біз ураннан таблетка жасап, оны Қытайға үздіксіз сатуға уәде бердік. Бұл көптеген жылдарға созылатын экспорттық табыс әкелетін болады.
Ресей қалай істеді? Кремль Мұхтар Жәкішевті соттатып, «Қазатомпром» ұлттық операторы басшылығына Владимир Школьникті отырғызып қойған еді. Школьник бізде уран өндіріп жүрген канадалықтармен келісім-шарттарды бұзып, олардан тартып алған уран рудниктерін «Росатомға» беріп жіберген. Росатом біздің уранды тегін алып, уран рудасын өзінде байытып, Ресейдегі АЭС-тер мен өздері әлем бойынша салған АЭС-терге таблетка сатып отыр. Мұнда жеңіліп отырған тек Қазақстан ғана. Енді Қытай бізге қолдау білдіретін болса, өз рудниктерімізден Росатомды біртіндеп ығыстыра беруге болады.
Қазақстан Ресейге уранды байыту бойынша тәуелді болып отыр. Бізде уран байытатын фабрика жоқ. Технология да жоқ. Қазір «Қазатомпром» уранды Ресейде байытып, оны қайтадан Өскеменге әкеліп, содан таблетка жасайды. Егер Қытай бізге уран байытатын фабрика салып берсе, Ресей диктатынан құтылуға болады. Енді осыған Қытайды көндіру керек.