2 C
Алматы
Суббота, 23 ноября, 2024
spot_img

Ядролық физика институты: Еліміздегі үш реактордың бірі жұмыс істейтін орталық

Елімізде үш зерттеу реакторы бар. Соның бірі құрылғанына 65 жыл толған Алматыдағы Ядролық физика институтында тұр. Жай тұрған жоқ, әлі күнге дейін жұмыс істейді. Сонау 1967 жылы іске қосылған ССР-Қ зерттеу реакторына тек 1998 жылдан 2015 жылға дейін жөндеу жұмысы жүргізілген көрінеді.

Ескі қондырғы болса да, өз миссиясын атқарып келе жатқан реакторды біз де көруге асықтық. Оның үстіне соңғы жылдары жиі талқыланып, соңында бір тоқтамға келген АЭС салу мәселесі де «Бізде бұл саланы білетін мамандар жеткілікті ме?» деген сауалға жауап іздеуге итермелеген.    

«Президент жолдауында, сайлауалды бағдарламасында да ғылым мен білімге айрықша көңіл бөлді. Соңғы кезде ғылым жайын жиі қозғады. Ғалымдардың еңбегін бағалау керектігіне тоқталды. Сондықтан ғылым саласы дамитынына сенім мол» деген ғалымдар үміт отын сөндіргісі келмейді. Бұлай айтуына тағы бір себеп – қараша айының басында Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек Біріккен ядролық зерттеулер инстиутының өкілдерімен кездесіп, еліміздегі ядролық ғылымды дамыту жоспарымен танысыпты. Сол кезде Қазақстан ғалымдары институтпен ынтымақтасып, ядролық физиканың қазіргі заманғы мәселелері бойынша ірі халықаралық бағдарламаларға қатысып жатқаны сөз болды.

Біріккен ядролық зерттеулер институты мен Қазақстан арасындағы ынтымақтастықты Ядролық физика институты, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ және Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ 12 ғылыми тақырып бойынша жүзеге асырады. Жүзге жуық студент БЯЗИ-де қос диплом бағдарламасы бойынша білім алғаны тағы бар. Тағы бір айта кетерлігі, биыл Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ физика-техника факультетінің жанынан ашылған жаңа мамандыққа 50 студент оқуға түсті. Олар тәжірибе жұмыстарын осы институтта жүргізетін болады.

Дәл осы келелі отырыста эксперименттік жабдықтар базасын дамытпай, қолданбалы зерттеулер жүргізілмейтіні де айтылды. Демек, инстиуттың бас орталық ретінде жұмысты ұйымдастырып, ұжымды ұйыстырып отыруға әлеуеті жетеді. Институт құрамына Астана қаласында және БҚО Ақсай қаласында орналасқан екі филиал, сондай-ақ Атырау облысындағы бұрынғы «Азғыр» полигонына іргелес орналасқан ғылыми-өндірістік экспедиция кіреді. Кәсіпорын қызметіне мемлекетке тиесілі стратегиялық объектілерді пайдалану және күтіп ұстау, атом энергиясын пайдалану саласында ғылыми зерттеулерді жүзеге асыру кіретінін ескерсек, мекеме мамандары бұл үдеден шығып жүр.

Институт 8 ірі базалық эксперименттік қондырғыны қамтиды: ССР-Қ атом реакторы (Алматы қаласы), сындық стенд, У-150 және УКП-2-1, ЭЛВ-4 (Алматы қаласы), ДЦ-60 (Астана қаласы.) 4 зарядталған бөлшектер үдеткіші, сондай-ақ Алматы қаласындағы Ядролық медицина және биофизика орталығы базасындағы Cyclone-30 циклотроны мен ИЛУ-10 электрондар үдеткіші.

АҚШ, Ресей, Жапония, Франция, Бельгия, Швейцария және т.б. әлемнің жетекші ғылыми орталықтарымен белсенді ынтымақтастық орнатқан Ядролық физика институты қызметінің негізгі бағыттарына тоқталсақ:

  1. Ядролық физика мен радиациялық қатты дене физикасы саласындағы іргелі және қолданбалы ғылыми зерттеулер;
  2. Ядро-физикалық талдау әдістерін әзірлеу және қолдану;
  3. Ядролық және радиациялық технологияларды әзірлеу және қолдану;
  4. Өнеркәсіп және медицина үшін радиоизотопты өнімдерді өндіру;
  5. Таратпау режимін қолдау;
  6. Атом энергиясын пайдалану саласында қызметтер көрсету.

Қатерлі ісікті емдейтін дәрі-дәрмек, әшекейге арналған асыл тас…

Сонымен, біз көрген ССР-Қ зерттеу реакторы еліміздегі жалғыз көп мақсатты әрі тәжірибелік және технологиялық мүмкіндіктері бойынша қауіпсіз саналады. Көпмақсатты деген сөзімізге дәлел – ССР-Қ  реакторы ядролық және термоядролық реакторларға арналған перспективалық материалдарды радиациялық сынау, медицина мен өнеркәсіп үшін радиоизотоптар алу, әртүрлі материалдардың элементтік құрамын нейтронды белсендіру талдауы және объектілердің ішкі құрылымын зерттеу үшін қолданылады.

Бас инженердің жөндеу жұмыстарын жүргізу жөніндегі орынбасары Дәурен Нұғмановтың айтуынша, реактор уран 235 отынымен жұмыс істейді.

«Таза артезиан суын пайдалану арқылы 6 МВт қуатын береді. Мұнда фармацевтикалық дәрі-дәрмек шығарып, өндіріс үшін «піспеген» табиғи асыл тастарды тазалап, өңдеп, әртүрлі түске сәулелендіреміз. Қазіргі кезде институт коммерциялық бағыт бойынша Германиямен келісім-шартқа отырдық. Алып кету өз мойнында», – дейді.

Ал реактордың ел үшін беріп жатқан пайдалы қызметіне тоқталған бас инженердің орынбасары Бағдәулет Мұхаметұлы төменгі байытылған уран изотопы арқылы қаншама қажетті дүние шығарып отырғанына тоқталды.

«Ядролық реакция жүрі барысында реактор нейтрон шоғырын береді. Ғылыми зерттеу реакторы кремнийді зерттеп, залалсыздандырып, сәулелендіреді. Археологиялық-геологиялық-инженерлік нысандардың ішкі құрылымын зерттейді. Мұнымен қоса, нейтронды шоғырдың көп болуы нәтижесінде заттарды радиациялық тұрғыдан байыта аламыз. Яғни, табиғи тастарды әртүрлі түске бояу, одан соң медицина үшін фармацевтикалық дәрі-дәрмектер, атап айтқанда онкологиялық ауруларды емдеуге арналған радиоактивті йод шығарамыз», – деді бас инженердің орынбасары Бағдәулет Мұхаметұлы.

Сондай-ақ, Ядролық физика институтының радиохимия және изотоптар өндіру ғылыми-техникалық орталығы республиканың медициналық мекемелеріне радиофармпрепараттарды үнемі өндіріп, жеткізіп отырады.  Соның бірі Флуородеоксиглюкоза 18F инъекцияға арналған ерітінді позитронды-эмиссиялық компьютерлік томография арқылы обырды емдеуді диагностикалау және бақылау үшін, ал Натрий йодиді, 131I гамма-сцинтиграфия және бір фотонды компьютерлік томография көмегімен қалқанша бездің функционалдық жағдайын зерттеу үшін қолданылады. Семейдегі онкологиялық орталыққа, Астанаға, Алматыға Йод 131 изотопы айналасы 7-8 күнде жеткізіліп, қатерлі ісікке шалдыққан науқас тез қабылдап үлгеруі керек. Яғни, бұл реактор ғылыми жұмыс істейтін зерттеу арқылы қоғамға, ғылымға көп пайдасын тигізіп отыр.

Айта кету керек, реакторға қолданылатын уран отыны Ресейден алынады. Қазір он жылға жететін отын қоры бар. Себебі, ядролық қаруға қарсы болған соң Қазақстанда уранды байытуға тыйым салынған. Бізде шикізат қана бар.

Бұдан кейін институттың кешенді экологиялық зерттеулер жүргізетін орталық жұмысымен таныстық. Орталық жетекшісі Виктор Глущенконың айтуынша, мұнда жүздеген маман жұмыс істейді.

 Шетелмен әріптестік жанданып келеді

Шараның нүктесін қойған Ядролық физика институты РМК бас директоры Саябек Сахиевтың айтуынша, адамзатқа қауіп төндірген қатерлі ісікке қарсы дәрі-дәрмек шығаратын орталықтың жұмысына шетелдік мамандар да қызығушылық танытқан.

«Бізде радиоизотопты дәрілер тасуға әуе компаниялардың лицензиясы жоқ. Егер таситын болса, Қазақстанның кез келген қаласына, тіпті шетелге де жеткізе аламыз. Біз өзіміз үшін бағаны төмен қоямыз. Бірінші мақсат – халықтың денсаулығы, екінші – болашақта медициналық туризмді дамыту. Кеше ғана Түркияға іссапармен барып келдім. Олар да қызығып отыр. Себебі, қазір оларда жұмыс істеп тұрған реактор жоқ. Йод, молибден реактор арқылы өндіріледі. Алдағы уақытта түрік делегациясы бізге ұсыныспен шыққанын», – мәлімдеді институт директоры.

Бүгінде Ядролық физика институты 2030 жылға дейінгі стратегиясына сәйкес, әлемнің белді инстуттарымен келісім-шарт орнатып, жұмыс істеуге кіріскен. Басшылық бірінші кезекте жалақыны көтеріп, институттың беделін арттыруға мүдделі. Ал құрылғанына 65 жыл толған институтты жаңа технологиялық құралдармен жабдықтау мәселесі Ғылым және жоғары білім министрлігіне егжей-тегжейлі жеткізілген.

Html code here! Replace this with any non empty raw html code and that's it.

Басқа да қызықтар

Телеграмға өтіңізspot_img

Мықты оқылатындар