8 C
Алматы
Вторник, 30 апреля, 2024
spot_img

Президент Қарағандыда: жол, моноқалалар, экология мен ауыз су

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев елдегі ең урбанизацияланған өңір — Қарағанды облысына келді.

Өңір еліміздің дәл ортасында орналасқан. Оңтүстік пен солтүстікті жалғайтын ең басты күре жол осы облысты басып өтеді. Аймақты дамытуға автокөлік жолдарының сапасы айрықша ықпал ететіні анық. Сондықтан өңір жұртшылығымен кездесу кезінде Президент бірден жол мәселесін көтерді.

«Қазір Орталық – Оңтүстік көлік дәлізі салынып жатыр. Балқаш қаласы арқылы өтетін жолдың құрылысы өте баяу жүріп, мерзімі қайта-қайта кейінге қалуда. Үкіметке «Қарағанды – Балқаш» және «Балқаш – Бурылбайтал» тас жолын келесі жылы салып бітіруді тапсырамын. Сонымен бірге, «Қарағанды – Жезқазған» күре жолы да аса маңызды. Ұзындығы 500 шақырымнан асатын жол жөнделсе, орталық өңірлерге барыс-келіс жақсарады. Жүк тасымалы көбейеді. Бұл Ұлытау облысын дамытуға зор септігін тигізеді. Екі облыстың инвестициялық және туристік мүмкіндігін арттырады. Осы жолды жөндеу жұмысына алдағы жылы дереу кірісу керек. Одан бөлек «Қарағанды – Қарқаралы» тас жолын жөндеуді тапсырамын. Қарқаралының туристік әлеуетін арттыру мақсатында бұл жұмысты алдағы екі жылдың ішінде аяқтау қажет», — деп тапсырма берді, Тоқаев.

Қарағандының тағы бір проблемасы — моноқалалар. Өңір халқының 80 пайызы қалада тұрады. Көптеген өндіріс 5 моноқаланың еншісінде. Облыс тұрғындарының 40 пайызы осы моноқалаларда өмір сүреді.

«Шағын қалалардағы тағы бір мәселе – инженерлік инфрақұрылымның әбден тозуы. Бұл мәселенің шешімін табу үшін қомақты қаражат керек. Үкімет моноқалалардың коммуналдық желілерін жөндеуге жұмсалатын қаржы көлемін арттыруы қажет. Себебі, біздің азаматтарымыз қай қаланың тұрғыны болса да, таза, жасыл желекке толы, бақуатты, гүлденген ортада өмір сүруі керек. Оны қамтамасыз ету – мемлекеттің міндеті», — деді Мемлекет басшысы.

Үшінші басты мәселе — экология. Ауыр өндірістің зардаптары да аз емес. Өндірісте адамдар қаза табуда. Президент экология проблемасынан бөлек облыстың өндірістік кәсіпорындарында еңбек қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселесі сын көтермейтіндігіне тоқталды. Қарағанды сияқты индустриясы дамыған облыс үшін бұл – маңызды мәселе. Мысалы, тек 2022 жылы «АрселорМитталТеміртау» АҚ объектілерінде жұмысшылар қаза тапқан бірнеше оқиға тіркелді.

«Ірі компаниялар өндірісті жаңғыртуға әрдайым инвестиция құюы керек. Уәкілетті органдар өндірістік апаттардың көбейгені үшін кәсіпорындардың жауапкершілігін күшейтетін жүйелі шаралар қабылдауы қажет», — деп тапсырды, Президент.

Экономикаға елеулі үлес қосып отырған облыста көптеген ауылдар ауыз сусыз отыр. Нақтырақ айтсақ, өңірде 176 ауылда таза су жоқ. Биыл 37 елді мекенге таза су беріледі. Президент басқа ауылдарды көп созбай сумен қамту бойынша тапсырма жүктеді.

«Соңғы жылдары Балқаш көлі күрт тартылып барады. Еліміздің орталығын сумен қамтамасыз ететін Сәтбаев каналының техникалық жағдайы мәз емес. Білікті мамандармен бірлесіп, осы екі мәселені мұқият зерттеуді тапсырамын» — деді, Мемлекет басшысы.

Балқаш көлін сақтау және каналды қалпына келтіру үшін барлық шаралар қабылдануы тиіс. Президенттің айтуынша, қазір суды тазартып, тұшытатын заманауи технологиялар баршылық. Қандай шөлді жер болса да, халықты ауызсумен қамтамасыз етуге болады. Әкімдік ірі бизнес өкілдерімен бірге бұл жұмысты мықтап қолға алуы керек.

Облыстың өнеркәсіп өндірісінің жалпы көлемінде өңдеу секторының үлесі 80 пайызды құрайды. Бұл көрсеткіш бойынша аймақ көш бастап тұр. Осы бағытты одан әрі дамыту үшін облыстың мүмкіндігі мол. Биылғы шілдеде өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында өңдеу саласындағы инвестициялық жобалардың пулын жасақтау жұмыстарына баса мән беру қажеттігі туралы айтылды. Күрделі геосаяси ахуалға және әлемдік экономикалық жағдайдың тұрақсыздығына байланысты отандық экономиканы әртараптандырудың маңызы одан әрі арта түседі.

Экономика өсу үшін еңбек ету керек. Мемлекет басшысы «Қарағанды – қайнаған еңбектің ортасы. Терең шахтада жұмыс істеу, жалын атқан пеш қасында тұрып болат қорыту – оңай шаруа емес» деп баға берді.

«Сіздер күрделі еңбек жағдайына қарамастан, өндірісте тер төгіп, елімізді дамытуға зор үлес қосып отырсыздар. Мен баршаңызға табанды еңбектеріңіз үшін шынайы ризашылығымды білдіремін. Сондай-ақ, жастарды сіздерден үлгі алуға шақырамын. Еңбекқорлық – баршамызға ең қажет қасиет», — деп, Қарағандыға келген Қасым-Жомарт Тоқаев өз сөзін аяқтады.

Html code here! Replace this with any non empty raw html code and that's it.

Басқа да қызықтар

Телеграмға өтіңізspot_img

Мықты оқылатындар