15 қыркүйекте Астана қаласының мәслихат депутаттары қоғамдық тыңдауда Астана атауын қайтару туралы бастаманы бірауыздан мақұлдады.
Жиында сөйлеген азаматтар Астана атауын қайтару қажеттігін атап өтті.
Астананың ономастика комиссиясының мүшесі Бүркітбай Аяған астанаға Нұр-Сұлтан атауын беру туралы 2019 жылғы шешімді еске алып, бірінші президент Нұрсұлтан Назарбаевтың еңбегін мойындау қажет болғанмен, сол кездегі шешімнің өзі асығыс қабылданғанын атап өтті.
Мемлекет тарихында мұндай оқиғалар болып тұрады. Астана атауын қайтару туралы ұсынысымыз талаптарға сәйкес келеді. Ол жікке бөлінген қоғамды біріктіреді. Нұрсұлтан Әбішұлының өзі түсініп, ренжімес деп ойлаймын,
ДЕДІ БҮРКІТБАЙ АЯҒАН.
Қазақстан журналистер одағының хатшысы Дәулеткерей Кәпұлы «мемлекеттің тағдыры бір тұлғаның тағдырынан қымбат» деді.
— Нұрсұлтан аты ақын-жазушылардың туындылары мен шығармаларында аталған, ол тарихтан өшпейді, бірақ бұдан әрі қарай «жаңа әрі әділ Қазақстанда» Астана Қазақстан тағдырына зор ықпал етеді. Сол себепті Астана атауын қайтару туралы тарихи шешімді әділ деп санаймыз,
ДЕДІ ДӘУЛЕТКЕРЕЙ КӘПҰЛЫ.
Мәслихат хатшысының мәліметінше, 2019 жылы астанаға Нұр-Сұлтан атауын берген кезде елтаңба, баннерлер мен бланктерді ауыстыруға 30 миллион теңге жұмсалған. Оның сөзінше, құжаттар цифрланып жатқандықтан бұл жолы шығын аз кетуі ықтимал.