Өзін бизнесмен, меценат деп атап жүрген Қайрат Құдайберген абақтыда 5 ай отырып, «Жаңа Қазақстанда” әділдік жоқ деген қортындыға келді. Және «Әділетсіз «Жаңа Қазақстан» режимі қанша тұрар екен?» деп философиялық сұрақ қойды. Әрі осы қортындысын фейсбукқа пост ретінде жариялап, «заңды бейбіт митингті талап етіп, соған қазағым, бір бастан жаға болып шығыңыздар!» деп жазды.
Негізі бір бастан жаға болып шығу мүмкін емес. Бір жағадан бас шықса, оны түсінуге болар еді.
Постты оқиық.
«Ассалаумағалейкум, құрметті Қазақ елі!!! Абақтыда жазықсыз отырғаныма, міне 5 айға таяп қалды. Бірінші, екінші, үшінші айларда тергеушілер менің ұялы телефонымды, компьютерді, флешкаларды қаңтар оқиғасы кезінде болған жерлерді тексереміз, мен бар видеобейнелерді сараптаймыз, телефон арқылы кіммен сөйлескенімді анықтаймыз деді. Одан кейін сот санкциясын тағы 1 айға созды. Әй қазақпын ғой деп, сабыр сақтадым. Бірақ төртінші ай өткеннен кейін, тергеушілер тағы 2 айға санкцияны создырды. Менің заңды қорғаушыларымның екі ай не үшін керек дегенде, Қайрат Құдайбергеннің қандай компанияларға, бизнестерге қатысы бар екенің білу үшін деп жауап берді, яғни мен қандай кәсіпкерлікпен айналысатын компанияларға құрылтайшы ретінде тіркелгенімді анықтамақшы. Ең басты туындаған сұрақ: Бұл мәліметтердің қаңтар оқиғасына қандай қатысы бар??? 123 күннің ішінде тергеуді жүргізіп, мен жазықсыз екенімді біле тұра, менің бас бостандығымды тағы 2 айға айырды. Маған тергеушінің бірі ашылып ”сенің үстінен бірдеме таппай жәй шығармайды, олардың өздерінің бастары кетеді” деді. Абақтыда жазықсыз 5 айға жуық уақыт отырып ”Жаңа Қазақстанда” әділдік пен әділеттіліктің жоқ екендігін анық көрдім».
Бұдан кейін Қайрат Құдайберген поэзияға кетеді.
«Арғымақтың құйрығы,
Әрі жібек, әрі қыл
Ер жігіттің белгісі-
Әрі мырза, әрі құл… деген қазағым» деп жазады.
Ал посттың соңын былай аяқтаған:
«Мырзалығымды көрсетпей, жеріме шын ниетпен құлшылық еткенім үшін, елім деп қанды қаңтар оқиғасы кезінде шыққан үшін, мені 20000 террористтердің бірі деп жазықсыз абақтыға тықты. Әділетсіз “Жана Қазақстан” режимі қанша тұрады екен? Президент Тоқаев бейбітшілік митингтерге әкімшілікке “уведомление” беру арқылы шыға беру болады деген бірақ шынайы өмірде менің анама және басқа белсенді адамдарға, менің жазықсыз абақтыда отырғаныма қарсы бейбіт митинг өткізуіне Алматы қаласы әкімшілігі сылтаулатып 5-6 рет тыйым салды!
“Жаңа Қазақстанда” әділеттілік жоқ, сол себептен қазақ елі сізден көмек сұраймын, намысы бар қазақ ерлері мен ботакөз қарындастарымнан көмек сұраймын!
Әрдайым еліме қолымнан келгенше қызмет еттім, енді сіздердің қолдауларыңыз кажет! Заңды бейбіт митингті талап етіп, соған қазағым, бір бастан жаға болып шығыңыздар!
Жалғыздың үні шықпас, қазағым бір болсын!»
16-ші тамызда Алматы қаласы мәслихатының экс-депутаты Қайрат Құдайбергенді қамауда ұстау мерзімі тағы ұзартылған еді. Алматы қаласының мамандандырылған ауданаралық тергеу соты оны қамауда ұстау мерзімін 21-ші қазанға дейін созды.
Қайрат Құдайберген сәуір айының соңында ұсталды. Ол қаңтар оқиғасындағы тәртіпсіздіктерге қатысы бар деген күдікпен қамауға алынып отыр.
Президент Тоқаев Жолдауда жариялаған амнистияға ілінуі мүмкін еді. Бірақ, шыдамы жетпей, президентке қарсы шығып отыр. Енді осы постымен бәрін бүлдіріп алуы ғажап емес.