Экс депутат Ақбөпе Әбілқасымова өзінің фейсбук парақшасында Мәжіліс депутаттарының тәртібін қатаң сынады.
«Мәжіліс отырыстарынан бірнеше видео көрдім. Жаңадан келгендер де, ескі Қазақстаннан бері отырған депутаттар да өте эмоционалды сөйлейді. Мысалы, министрлік есептері немесе министрлердің заң жобалары бойынша ұсыныстары, жақында ғана Қала құрылысы кодексіне қатысты отырыстарды шолдым. Және депутаттық комиссияның кеңейтілген отырысынан мәжіліске төрағалық етуші депутаттың Мэлс Елеусізовтің сөзін өте дөрекі түрде бөлгенін көрдім», — деп жазады Ақбөпе Әбілқасымова.
Әбілқасымованың жазуынша, депутаттар — заң шығарушы, ал министрлер — атқарушы биліктің өкілдері екенін түсіну керек. Биліктің екі тармағы да тең. Қазір көптеген министрлер парламентте бірнеше мерзім қонжиып отырған депутаттардан әлдеқайда сауатты. Депутаттар министрлерді халық жауы етіп, камераға өздерін қамқоршы ретінде көрсеткісі келетін сияқты. Алайда өзін көрсетіп қанша бұлданса да ақыр соңында қолдап дауыс береді. Онысымен халықты да, билікті де өздеріне қарсы қоюда.
Әбілқасымова Әдеп кодексін тәжірибеде қолдану мәселесін көтеріп отыр.
Соңғы кездері депутаттардың жөнсіз популизмге ұрынып, арзан ұпай жинауға машықтанып алғанын біз де байқап жүрміз.