Қазақстанда АЭС салу туралы мәселе көптен бері қозғалып келеді. Елімізде АЭС құрылысы бойынша әлі нақты шешім алдағы уақытта қабылданбақ. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Қазақстанға атом электр стансасы қажет» дегенді ашық айтып жүр. Тіпті, АЭС салынатын алаң анықталып та үлгерді. Мамандар оның жобасы мен жоспарын саралап, есебін де әзірлеуге жең түріп кірісіп кеткен. Мәселен, жоспар жобасында Балқаш маңындағы Үлкен ауылында салынатын АЭС 2035 жылы пайдалануға беріледі деп көрсетілген. Dalainside.kz қазіргі кезде осы бағытта жүргізіліп жатқан жұмыс сатысын анықтау үшін “Қазақстан атом электр станциялары” ЖШС-ның Жоба басқару жөніндегі бас менеджері Әсет Махамбетовты әңгімеге тартып көрді.
Оның айтуынша, АЭС құрылысының жобалық, қаржылық және орналасу аумағы бойынша отандық ғалымдар үлкен жұмыстар атқарып, бірқатар жобаны еңсерген. Оған үш жылдан аса уақыт кеткен.
– АЭС құрылысына Алматы облысы Жамбыл ауданы Үлкен ауылы жанындағы аумақ перспективалы деп танылды. Осы ауданда білікті мамандарды тарта отырып, алдын ала зерттеулер жүргізілді, тарихи және ғылыми құжаттар зерделенді. Ауданды бағалау АЭС салу алаңын таңдау бойынша Атом энергиясы жөніндегі халықаралық агенттіктің (АЭХА, орысшасы – МАГАТЭ) басшылығында келтірілген критерийлер негізінде жүргізілді. Жалпы сипаттамалары да, нақты сипаттамалары да зерттелді. Атап айтқанда, жер сілкінісі мен су тасқыны сияқты табиғи әсерлер және антропогендік әсерлер сияқты қоршаған орта тарапынан АЭС-қа ықтимал әсер ету жолдары талданды. Осы параметрлер бойынша талдау Үлкен ауылының ауданы Қазақстанда АЭС салу үшін жарамды екенін көрсетті, – дейді ол.
Дегенмен маман бұл бағытта алда тағы техникалық-экономикалық негіздеме дайындығы бойынша жұмыстар жүргізілетінін, онда АЭС-тің орналасу ауданының көптеген аспектісі қосымша пысықталып, инженерлік ізденістер жасалатынын баса айтады. Ал оған дейін қарастырылатын тағы бір жұмыс сатысы бар.
Дәл қазіргі уақытта, “Қазақстандық атом электр станциялары” ЖШС-ның Жоба басқару жөніндегі бас менеджерінің айтуынша, АЭС-тің әлеуетті жеткізушісін таңдау бойынша жұмыстар атқарылып жатыр.
– АЭС-ті жеткізуші компанияны вендор дейміз. Бастапқыда алты вендордан қазіргі заманғы реакторлардың жобалық ұсыныстары қаралды. Талдай келгенде, «қысқа тізімге» немесе «шорт параққа» төртеуі ілінді. Олар – корейлік KHNP, қытайлық CNNC, ресейлік «Росатом» және француздардың EDF сынды компаниялары, – дейді маман.
Ендігі міндет – осы төртеудің ішінен бір вендорды таңдап алу. Әсет Махамбетовтың айтуынша, қазіргі уақытта отандық мамандар аталған төртеудің тәжірибесін зерделеу үшін сапарлар ұйымдастырылып, нәтижесінде өз қорытындыларын ұсынуда.
“Қысқа тізімдегі ядролық-энергетикалық жабдық өндірушілерінің тәжірибесін зерделеу аясында біздің мамандар биылғы маусым айында Оңтүстік Кореяға, шілдеде Францияға және Түркиядағы «Аккую» атом электр станциясына, ал қыркүйекте Венгриядағы «Пакш» АЭС-не сапар жасады. Әлеуетті ұсыныстар мен халықаралық тәжірибені зерделеу негізінде, әр санаттағы ең жақсы шешімдерді таңдауға мүмкіндік беретін жабдық өндірушілер мен мердігер компаниялардың халықаралық пулын тарту неғұрлым орынды болып табылады. Әлемде АЭС салу бойынша ағымдағы жобаларды іске асыру тәжірибесі бұл тәсіл салынып жатқан станциялардың көпшілігі үшін пайдаланылатынын көрсетеді”
Біздің білуімізше, вендор таңдалғаннан кейінгі жұмыс сатысы – мамандарды әзірлеу. Яғни, атомшы мамандарды таңдап алынған реактормен жұмыс істеудегі біліктілігі мен білімін жетілдіру жұмысы қолға алынады. Ал бұл – болашақта жеке талқыланар бөлек үлкен тақырып.