Қоғамда кейде кереғар пікірлер желдей еседі. Біреу «тисе терекке, тимесе бұтаққа» деп айта салады, енді біреу сол дүрмекке ілесіп, аттандай жөнеледі. Сондай пікірлер – АЭС-тің экологияға тигізетін әсеріне қатысты жиі айтылып жатады. Бірақ дұрыс не бұрыстығына анық көз жеткізіле ме?
Әрине, жұрттың алаңдаушылық білдіруі заңдылық. Кешегі Чернобыль мен Фукусимадағы апатты ешкім ұмыта қойған жоқ. Алайда, жаңа технология күн сайын дамып, адамзат баласы оны меңгеруге ілесе алмай жатқан уақытта ондай қауесетке ерудің пайдасы шамалы. Таяуда әлеуметтік желіде «атом электр станциясы экологияға орасан зиян келтіруі мүмкін» деген пікірді көз шалған. Бұл адастыруға бағытталған мәліметті stopfake.kz теріске шығарған-ды.
Соңғы жылдары экологиялық ахуал күрделеніп, жаһандық климат күрт өзгеріске ұшырады. Бұған себеп – көмірсутекті энергия көзін, атап айтқанда газ, мұнай, көмірді кеңінен пайдалану. Бұлар жанған кезде ауаға көмірқышқыл газы айтарлықтай мөлшерде бөлінеді. Егер алдағы жиырма-отыз жылда жағдай осылай өрбісе, климаттық апатқа ұшырауымыз әбден мүмкін. Мұны ғылымда декорбанизация деп атайды.
Қазақстан энергия көзінің 70 пайызын көмір арқылы қамтамасыз етіп отыр. Еске сала кетсек, 2016 жылы 175 мемлекет климат жөніндегі Париж келісіміне қол қойған. Бұл келісімге сәйкес, көмірқышқыл газын азайту үшін 2020 жылдан бастап трансшекаралық көмір салығы енгізілді. Ендігі шешім біреу, ол – АЭС салу. Оның үстіне бұл елімізде алдағы он жылдан соң күтіліп отырған энергия тапшылығын жоятын бірден-бір оңтайлы қадам.
Әрине, бұған дейін баламалы энергия көздері – күн, жел электр станциясын да кәдеге жаратып көрдік. Алайда, бұлар ауа райына тәуелді болғандықтан, тұрақты энергиямен қамтамасыз ете алмайды. Ал АЭС-те мұндай мәселе туындамайды. Осы жерде көпшіліктің көңілін күпті еткен жайт бар. Бұл – «АЭС Алматы облысына қарасты Үлкен ауылы маңынан салынса, Балқаш көліне залалы тие ме?» деген сауал.
Радиоактивті қалдықтар Балқаш көліне құйылмайды
«Қазақстандық атом электр станциялары» ЖШС Жаңа ядролық және энергетикалық технологиялар бойынша бас менеджері Асуан Сиябеков АЭС десе халықта ерекше үрей пайда болатынын айтады.
«Халықтың бір бөлігі мұны атом бомбасы деп түсінеді. Кейбіреулер шындыққа жанаспайтын ақпаратқа, мифке сенеді. АЭС-те радиоактивті қалдықтар сыртқа шықпайды. Бірнеше контур болады. Сол контур бойында салқындатылады. Біз суды не үшін қолданамыз? Ең алдымен реакторды салқындату үшін. Бұл суды тоғандардан, жанындағы көлден аламыз. Контурдағы құбырмен жүретін су көл немесе тоғандағы сумен жанаспайды. Сондықтан «радиоактивті қалдықтар Балқаш көліне құйылады» деген пікір дұрыс емес. Екіншіден, су Буланады, қайнап кетеді дегенді де естіп жүрміз. Олай болуы мүмкін емес. Бәрі есептеулі. Су жылына 0,04 пайыз мөлшерде ғана буланады. Бұл өте аз. Сол себептен Балқаш көлі қайнап, тартылып, ішіндегі жәндіктер, балықтарға әсер етеді деген де шындыққа жанаспайды», – дейді Асуан Сиябеков.
Сондай-ақ, маман шетелдегі АЭС-терде үнемі балық аулаудан жарыс өткізілетінін де тілге тиек етті. «Яғни, балық аулап, оған дозиметрлік тексеріс жүргізеді. Соның нәтижесінде дозаның мөлшері асып кеткен жоқ па, суға радионуклидті қалдықтар тараған жоқ па, бәрін тексеріп балықты суға қайта жібереді. Сондықтан АЭС салынып, жұмыс істесе Балқаш көліне ешқандай қауіп төнбейді. Талап бойынша АЭС халық тұратын жерден 40 шақырым қашықтықта болуы керек. Бұл қағидат қатаң сақталады. Мысалы, Үлкен ауылы Алматы, Талдықорған қаласынан 350-360 шақырым жерде. Арнайы құқықтық-нормативтік құжат бар. АЭС салатын баламалы аумақ таңдалғанмен оның өзі тағы да қосымша зерттеледі. Экологияға, қоршаған ортаға, жан-жануарларға кері әсері болмайды. Мұның бәрі әлемдегі 60 жыл бойы жұмыс істеп тұрған АЭС аясында зерттелген», – деп жауап берді Асуан Сиябеков.
Әлем бойынша 423 реактор жұмыс істеп тұр
Әлбетте, АЭС реакторына Балқаш суы пайдалануы мүмкін. Осы тұрғыда маман екі жол барын айтады. «Бірінші, Балқаш суын пайдалануға болады, екінші құрғақ градирня арқылы суытуға болады. Бірақ соңғысы қомақты қаржыны талап етеді. Егер суды Балқаш көлінен тікелей алсақ, әлдеқайда тиімдірек. Алайда, АЭС-ті көлдің, теңіздің жанынан салу міндетті емес. Мұндай кезде құрғақ градирня қолданылады» дейді маман бізге берген пікірінде.
Қазір қолданыстағы реакторлардың пайдалануға берілгеніне 66 жыл болса, әлем бойынша 423 реактор жұмыс істеп тұр. Барлығында дерлік суыту үшін су қолданылады. Мұның бәрі МАГАТЭ-нің ескертпесі, ұсынысы арқылы жасалады. Әр реакторды салу кезінде бұған дейінгі олқылықтар ескеріледі. Бұрын реактордың буыны 2 және 2+ деп аталды. Ал бүгінде қателіктерді болдырмау үшін реактордың қауіпсіз 3+ буынына көшіп жатыр. Бұлар балқып кетпейді, радиоактивті қалдықтар сыртқа шығып кету қаупі жоқ, сумен жанаспайды. Сол себептен мамандар қорқудың қажеті жоқ дейді.
Айтпақшы, «Қазақстандық атом электр станциялары» ЖШС Жаңа ядролық және энергетикалық технологиялар бойынша бас менеджері Асуан Сиябеков «АЭС салуға – имидждік жоба деп қарамау керек» деп санайды.
«Оның біздің елге тигізетін пайдасына үңілу қажет. Сондықтан қазір шешім қабылдасақ, жобаны салу он жыл ішінде жүзеге асады. Бізді он жылдан кейін энергия тапшылығы күтіп тұр. Біріншіден, елімізде халық көбейіп жатыр, есесіне энергияны шамадан тыс тұтынатын кәсіпорындар артады. Мәселен, біз жылына 119,3 ТВт сағат қуат көзін тұтынамыз. 2035 жылы бұл көрсеткіш 153,9 ТВт сағатқа артады. Ал бізде барлық генерация көзінің қуаттылығы – 15,8 ГВт болса, бұл 23 ГВт-қа дейін көбейеді. Бұл қажетті энергияны қайдан аламыз? Көмірқышқыл газын азайту келісіміне қол қойған соң, көмір станциясын салудан аса пайда жоқ. Сондықтан жасыл энергия көзі – АЭС салуға тоқтау қажеттігі айқын».
Түйін: Экология вице-министрі Зүлфия Сүлейменова АЭС салуда ескерілуі керек экологиялық талаптар туралы айта келе, «көмірмен салыстырғанда атом энергетикасының зиянды шығарындылары аз. Тіпті, жоқ деп айтуға болады. Біз АЭС салынуы мүмкін аумаққа стратегиялық және экологиялық талдау жасаймыз. Оның экожүйеге қалай әсер ететінін, судың жеткілікті болуын анықтауымыз керек» деген болатын. Бұл жұмыстың бәрі құрылыс басталған уақытқа дейін қабылдануы тиіс.