Қазақстанның Үкіметі де, халқы да қарыз алғанды сұмдық жақсы көреді.
Биылғы жылдың бірінші жартысында мемлекеттік борыш көлемі 22,9 триллион теңгені құрады. Бұл Қазақстанның ішкі жалпы өнімінің 24 пайызы. Біздің ІЖӨ қазір 95,4 триллион теңге деп бағаланады. Мемлекеттік борыш екіге бөлінеді: үкіметтік және үкіметтік емес. Үкіметтік дегеніміз Қаржы министрлігі немесе «Бәйтерек» холдингі алған қарыздар. Үкіметтік еместері Ұлттық Банк пен әкімдіктер алған борыштарға жатады.
Қазіргі 22,9 триллион теңгенің 20 триллионы сол үкіметтік қарыз. Оның өзі ішкі және сыртқы деп бөлінеді. Ішкі қарызды Қаржы министрлігі биржаға құнды қағаздар шығарып, сол арқылы алады. Сыртқы қарыздарды көбіне бізге Халықаралық валюта қоры, Дүниежүзілік Банк, ЕБРР сынды қаржы институттары береді. Үкімет алған 20 триллион теңгеден 12,1 триллион теңгесі ішкі қарыз, ал 7,9 триллионы сыртқы қарыз болып табылады.
Біздің Үкімет биылғы жарты жылда қарыздарды қайтару үшін 725 миллиард теңге жұмсады. Осы сома жыл санап ұлғайып келеді. Ол жақсылықтың нышаны емес.
Халық өз үкіметінен қалыссын ба. Қазақстан азаматтары 12,7 триллион кредит алып алған. Бұл тек жеке тұлғалардың қарызы. Яғни халықтың борышы Үкіметтің ішкі қарызынан 600 миллиард теңгеге асып кеткен.
Осыған қарап, қарыз алу нарығы елімізде жаңа сатыға көтерілді деп айтуға болады.
https://t.me/dalainside