Татар бірлестіктері жойылып бара жатқан татар тілін сақтап қалу үшін қандастарын Ресейден Қазақстанға тіпті уақытша болса да көшіре бастады.
Қазақ тілінің татар тіліне ұқсастығын пайдаланып, олар орыстанып бара жатқан татарларды өздеріне жақын тілдік ортаға енгізбек.
Татарлар мүмкін болса, өз балаларын қазақ мектебіне беруді армандайды.
«Алматыдан қазақ мектебін қарап жүрміз. Аятжан деген директордың мектебі жақсы деп естідік», — деді, DALA INSIDE тілшісімен Магнумде тілдескен татар отбасы.
Сонымен бірге, татар бірлестіктері қандастарына қазақи ортасы бұзылмаған Қызылорда, Түркістан мен Атырау өңірлеріне көшуге кеңес берген. Себебі, Алматы, Астана, немесе солтүстік пен шығыс аймақтарда қазақтардың өздері орысша сөйлегендіктен, татар тілін сақтап қалу мүмкін емес.
Қазақстанға келе алмай отырған отбасылар мүмкін болса спутник арқылы «Балапан» телеарнасын қостыруда. Татарларға қазақтың намысшылдығы мен өз тілі үшін аянбай күресетіні ұнайды. Және олар біздің тәуелсіз ел екенімізді өздеріне үлгі санайды.
Жалпы, осы ғасырда «Ұлы татар трагедиясы» орын алуы мүмкін деп болжанады. Балалары татарша сөйлемесе, татарлар ана тілінен айрылып қалған әлемдегі ең ірі этнос болып тарихта қалмақ. Татарлардың әлем бойынша жалпы саны 8 миллионнан асады. Оның 5 миллионы Ресейде тұрады.