Зәуре – Батыс Қазақстан облысындағы шағын ауылдың қызы. Ол ақжарқын, әр нәрсені білгісі келіп тұратын ізденімпаз қыз болып өсті. Достары, құрбылары да көп еді.
Мектеп қабырғасында жүргенде адвокат болуды армандайтын. Орта білім ұясын тәмәмдаған соң ауылдан Нұр-Сұлтанға жол тартып, арманына жақындайтын мүмкіндікті пайдалануға бел буды. Жоғарғы оқу орнының екінші курсында оқып жүргенде институтаралық байқаулардың бірінде Дәулетті кездестірді. Ұзын бойлы, сымбатты, сабырлы жігітке көңіл аудармау мүмкін емес еді. Ол да Зәуреден кет әрі болмады. Сол күннен бастап екеуі бір-бірінен ажыраған емес.
Бірде дос-құрдастар жиналып, 8 наурызды тойлауға түнгі клубқа келді. Ол жерде бір құрбысы таныстарын кездестіріп, ары қарай мерекені екі топ бірге тойлады. Бәрінің көңіл-күйі жақсы, ішімдіктен ұрттағандары да бар. Үйді-үйлеріне тарайтын кезде у-шумен клубтан шығып, кімнің қай бағытқа баратыны анықталып, бірігіп-бірігіп үш көлікке бөлініп отырды. Түнгі сағат екі еді.
Зәуре мен Дәулет өздерін клубта “физкультурныйда” оқимыз деп таныстырған жігіттің джипіне отырды. Жанында тағы екі жігіт бар. Біршама жүрген соң клубта ішкен сыраның әсерінен Дәулеттің тысқа шыққысы келді. Көлік жол шетіне тоқтап, ол түсе салысымен, рөлде отырған жігіт “газды” басып жіберіп, үлкен жылдамдықпен белгісіз бағытта жүйтки жөнелді. Жүрегі зу ете түскен Зәуре:
— Арнұр, қайда барасыңдар, тоқтатыңдар, Дәулет қалды ғой.
— Уайымдама, қарындас, Дәулет үйіне жол табады, ал біз сені апарып тастаймыз, кешірек. Қазір бізді бір жерде күтіп отыр.
Бір кезде көшелердегі самсап тұрған шамдар да көрінбей қалды. Көліктің қала сыртына кетіп бара жатқаны анық. Зәуре жалынып, қатты жылай бастап еді, оны жанындағы екінші “физкультурник” жұдырығымен бетінен қойып қалды. Зәуре қорыққанынан тұншыға жылады. Олар қала сыртындағы зираттар маңына келді. Шынында да тағы екі жігіт күтіп тұр екен. Оларды көріп Зәуренің одан сайын зәресі ұшты.
— Жалынамын жігіттер, не үшін? Қарындастарың бар шығар? Жіберіңдерші, жалынамын…
— Өшір үніңді салдақы, Мә саған…
Біреуі Зәурені бетінен салып қалды, сосын басынан, бүйрегінен төпелей ұра жөнелді. Екеуі қолдарын қысып ұстап тұрды, ақ күртеше киген қара бұжыр жанына келді де Зәуренің іш киімін сыпырып тастады. Суық қолдарымен екі аяғын көтергенде Зәуре үрейден басы айналып, талып қалған еді. Ішімдікке тойған бір топ жігіт оны кезек-кезек зорлады. Балағаттап, қорлады. Көзін аша алмай, денесінің төменгі жағын сезбеген Зәуренің тек бір нәрсені ғана ойлауға шамасы келді: “тірі қалсам болды, арыз жазып, полицияға барамын”. Ойына келгендерін жасап болғасын, жауыздар оны көлікке салып, үйіне жақын маңдағы шұңқырға тастап кеті.
Зәуре сүйретіліп шұңқырдан әрең шығып, құрбыларымен жалға тұрып жатқан үйіне қарай қисалаңдай жүрді. Есіктің алдында Дәулет отыр екен. Ол полиция мен жедел жәрдем шақырды. Сот-медициналық тексеруден өтіп, олар арыз жазды. Бірақ, бір айдан кейін дәлелдің аздығынан қылмыстық істің қозғалмайтыны туралы жауап алды.
Ешкімге, ештеңе дәлелдей алмайтынын түсінген Зәуре іштен тынып, қорланып, жылап-жылап қала берді. Бір жарым айдан соң екіқабат екенін білді. Ол Дәулеттің баласы емес, ол өзіне анық еді. Ертесінде емханаға барды да, жасанды түсік жасатты. Ал, Дәулет болса сол күні көліктен түскені үшін өзін кешіре алмай, ішкілікке салынып кетті. Зәуре де оған өкпелі, бірақ, не үшін екенін өзі де түсініп болмайды. Осылайша әркім өз қайғысымен, бір-бірін түсінгісі де келмеді.
Зәуре болған оқиғадан кейін бүкіл еркек атаулыдан түңілген. Бірақ, уақыт өте еңсесін тіктей бастады. Бір жігітпен танысып, оқу орнын тәмамдайтын кезде тұрмысқа шықпақ болды. Жүрген жігіті сөз салғанда ішінде оның екі айлық баласы бар еді. Бала күтіп, жақында отбасы құруға дайындалып жүрген екі жас түн ұзақ әңгімелесіп жататын. Осындай түндердің бірінде Зәуре Қайратқа баяғыдағы жүрегіне сызат қалдырған оқиғаны айтып берді. Қайрат оған қамқорлық танытып, жаны ашып, аяй ма деп ойлаған еді. Қателесіпті. Оңтүстіктің қытымыр жігіті дереу өзгеріп сала берді, керісінше болашақ әйелін бес адамның зорлағанын естіген соң ашуланып, кінә тақты.
— Онсыз да сен қыз емес едің, әу баста. Оған көз жұмдым, сендім, сразу айтпайсың ба мұндайыңды. Елдің бәрінен қалған….
Зәуренің қорғансыз, әлсіздігін бетіне басып, одан сайын қорлайтынды шығарды. Ақыры екеуі екі жаққа кетті. Қайрат әлі өмірге келмеген баласына да қарайламады. Сол кеткеннен мол кетті.
Сол оқиғадан кейін 4 жыл өтті. Енді Зәуре зорланғанын ешбір еркек кіндігіне айтпауға бел буды.
“Ұлым өсіп қалды, ауылда ата-анамның қолында. Адвокат мамандығын иелендім. Өзім Астанаға қайтып, жеке заңгерлік кеңсеге жұмысқа тұрдым, енді адвокаттық тәжірибе жинақтап жүрмін. Адам әркез ізденісте, ұмтылыста болу керек, сонда ғана көңілі жай тауып, өмірден қанағат ала алатынына сенімдімін”, — дейді Зәуре.
Көзінде мұңы бар қыздың ендігі арманы – мамандығының арқасында зорлық көрген әйелдерге көмектесу. Бұған дейін өзін қорлап, арын таптағандарға өлім тілеп келген Зәуре енді оларды жадынан сызып тастауға тырысты.
— Бірақ, қорланып, тапталған намыс ұмыттырар емес. Сол бір күн елестесе, өз-өзімнен жиіркенемін. Денемдегі зорлықтың табы кеткенімен, жан жарасының жазылуы екіталай екен, – дейді.
Осылайша ішіндегі сырын ақтарған қыз жанарын көкжиекке бағыттап вагонның терезесіне үңілді. Пойыз иен далада батысқа қарай жүйіткіп келеді.