Қазақстандағы оппозицияның ерекшелігі сол, кезекті «кезектен тыс сайлау» жарияланғаннан кейін ғана бойына жан бітеді. Екі-үш ай бойы улап-шулап белсенділік танытады да, сосын, басылып, келесі сайлауға дейін қайта бұғып жатады. Жалпы, өзі осындай үрдіс қалыптасып кеткен, – деп пайымдайды қазақстандық журналист Сергей Дуванов.
Рас айтады. Бұл жолы да оппозиция өзінің ең негізгі жұмысы – сайлауға дайын емес екенін тағы көрсетті. Бірақ небәрі екі айдың ішінде лайықты кандидаттарын шығарып, жақтастарын жинап, сайлауалды науқан жүргізіп, дауыс беру барысын бақылауды қамтамасыз ету тым қиын. Өкінішке қарай, биліктің қарсыластары бұл жолы да сайлауға мүлдем дайын емес боп шықты.– Қазақстанда оппозиция болып жұмыс істеу – экстремистік іс-әрекетпен айналысу деп таныла салынуы мүмкін тірлік екені бұрыннан белгілі. Нұрсұлтан Назарбаев құрған саяси жүйеде билікпен тайталасу – тым күрделі және шын қауіпті нәрсе. Ал билікке деген таласыңды ашық жариялау – ерлікке пара-пар. Бұл жүйе Тоқаевтың «жаңа Қазақстанында» өзгере қойған жоқ. Бірақ отыз жыл бойы жеңіліп келе жатқан Қазақстандағы оппозицияның әлсіздігін осымен ақтауымызға болмайды. Оппозицияның өзінде үлкен кінәрат бар.
Өкінішке қарай, Назарбаев пен оның халыққа қарсы ашық бағытталған отыз жылдық саясатында өмір сүре отырып, оппозиция билікке қарсы шыға алатын қалың бұқараны ұйыстыра алмады. Қазақстанның оппозициясы қазақстандықтардың көпшілігі үшін билікке қарсы нақты балама бола алмады сол күйі, халықтың қолдауына ие болмады. Елде «билікті жақтаушылар» мен «билікке қарсылар» деп бөлінетін классикалық саяси жүйе қалыптаспады.
Оның орнына қазақстандық қоғамда саяси ұстанымның үш сегменті бар. Біріншісі – билік пен оның қазіргі форматын қолдайтындар. Екіншісі – оппозициядағы биліктің қарсыластарын қолдайтындар. Ал ең үлкен үшінші сегмент – билікті де қолдамайтын, қазіргі оппозицияны да мойындамайтын халық. Қазақстанның болашағын солар шеше алар еді. Бірақ ол «көпшілік» өз қалауын әлі айқындаған жоқ, өзінің сәт-сағатын күтіп отырған болса керек.
Осылайша, Қазақстан халқының басым бөлігінің билікке деген көзқарасы теріс бола тұра, олар оппозицияға да сын көзбен қарайды. Оппозицияның әлсіздігі осында. Оны халық жаппай қолдамайды. Оппозиция билікке дауысын бергісі келмейтін жаңағы «көпшілікті» өзіне тартып, артынан ергізе алмай отыр, өйткені халық Қазақстандағы оппозиция қатарынан мемлекет басқаруды сеніп тапсыруға болатындай, лидер тұлғаны көріп тұрған жоқ. Ертең бұрын билікпен ауыз жаласпаған, сауатты да түсінікті саяси бағдарламасы бар бір абыройлы саясаткер пайда бола қалса, сайлауға биліктің атынан түскен кандидаттың тас-талқаны шығар еді. Ондай жағдайда биліктің әкімшілік ресурсы да, сайлау комиссияларының қитұрқы фальсификациялары да көмектесе алмас еді.
Мұны билік өте жақсы түсінеді. Сол үшін олар өлсе де сайлауға оппозиция қатарындағы лайықты да беделді ешкімді жолатпайды. Сайлауда Тоқаевты шынымен жеңіп кететін лайықты қарсылас болмауы керек. Биліктің басты мақсаты – осы. Шын мықты қарсылас бола алатындарды тырп еткізбеу керек. Ақорданың бұл сайлаудағы басты стратегиясы осы ғана. Ендеше, сайлауға анау түседі екен, мынау қатысса екен деп армандаудың қажеті шамалы. Оппозиция тарапынан біреудің сайлауға қатысуына жол ашып жатса, ол кандидат елге «өтпейтін», «бұдан Тоқаевымыз артық қой» дейтін фигура болады. Қазақтың Қосановтан аузы күйгенін қосыңыз. Оппозияның атынан сайлауға түсетін кез келген кандидаттың мемлекеттік органда бес жыл жұмыс істеген өтілі болуы тиіс. Ал бұл талапқа сай келетін біреу шықса, ол автоматты түрде «мынау екінші Қосанов шығар» деген күдік туғызады.
Тағы бір маңызды нәрсе – билік бұл жолы сайлауға сенімсіз және бағынбай кетуі мүмкін кандидаттарды жібермеуге тырысады. Бұл өте қауіпті, қалай болғанда да. Ендеше, бұл сайлауға Тоқаевтың қарсыласы рөліне тек ең сенімді, әбден тексерілген адамдар ғана қатыстырылады. Бұл жолы көп кандидат болмайды. Үміткер көп болса, берілетін дауыстар жан-жаққа кетіп, оның ақыры, сайлаудың екінші турына ұласып кетуі мүмкін. Ал екінші турда басында амалсыз Тоқаевқа дауыс бере салғандардың өшкен үміті оянып, бұл жолы олар Тоқаевқа қарсы дауыс беруге ұмтылуы бек мүмкін. Негізі, бұл жолы Тоқаевқа сайлаудың сырт көзге таза, әділдеу өткені өте маңызды. Баяғыдай, жаппай бюллетень тастау, дәстүрге айналған карусель әдісі, дауысты санау кезіндегі фальсификация сияқты белден басушылықтың жаппай көзге ұрмағаны қатты керек. Әйтпесе, оның «Жаңа Қазақстан» деген идеологемасының күлі көкке ұшып, оны ары қарай пайдалану өзіне таяқ болып тиеді.
Алайда іс жүзінде бұл сайлау мүлдем басқа сценариймен жүріп кетуі мүмкін. Сайлау барысында дауыс дұрыс «берілмей-саналмай», Тоқаевтың бірінші турдағы жеңісіне шын қауіп төнсе, онда өткен 30 жылдағыдай, әлі істейтін «сайлау машинасының» кілтін «жеңіс режиміне» қарай бұрай салуға еш кедергі болмас. Бірақ өйтсе, «Жаңа Қазақстан» деген ұранмен қоштасуға тура келеді. Тоқаевқа беті мен түрін сақтап қалу үшін елге әділ көрінетін жеңіс өте маңызды, әйтпесе, ол барлық жағынан екінші Назарбаев болып қалады қазақтың тарихында.
Енді кезектен тыс сайлауға қарсы шығып, Тоқаевтан сайлауды заңды мерзімінде өткізуді талап етіп отырғандарға тоқталайық. Олар қателеседі. Тоқаевқа бұл сайлау билікте ұзағырақ қалу үшін керек, өзін ертерек кетіргісі келетіндердің алдын орау үшін. Біреу кет десе, кете қалатын президентті қашан көрдіңіз Қазақстанда?
Кез келген авторитарлық билік өзінен мықты күштен ғана қорқады. Егер біздің оппозоция күшті болса, ол қалың бұқараның қолдауына ие болса, ол митингке жүздеген мың адамды шығара алатындай болса, оның парламентте депутаттары болса – Тоқаевқа кет деген талап қоя алар еді, билік оны тыңдар еді. Ал қазіргі жағдай күлкілі. Тоқаев билікте қаламын деді, әлсіз оппозиция ығып қалды, бұрынғыдай, бұғып қалды. Оппозиция демократияға сай емес қазіргі заңдарды өзгертуді талап етпеді. Оппозиция билікке өзі келгенде, сол заңдарды жөндемек. Ал оппозиция билікке келуі үшін қазақстандықтардың көпшілігі елге өзгеріс қажеттігін шын ұғып, билік жаңарсын, өзгерсін деген ортақ талапты қолдап шығуы тиіс. Ол үшін жаңа айтқанымдай, «ескі адамдармен жаңа Қазақстан болмайды» дейтін, ескі билікпен түк былғанбаған тым жаңа лидерлер керек. Жаңа билік – ескі билікке түкіріп тастап, тек қарапайым қазақстандықтарға ғана сөзін арнауы керек.
— Бірақ бұл міндетті атқарып жіберуге екі ай анық жетпейді. Бұл болашақтың жұмысы. Қысқасы, алдағы сайлаудан оппозиция тағы әдірем қалды. Бірақ бұл сайлау Тоқаевтың «Жаңа Қазақстанына» сеніп қалғандардың көзін ашуға жақсы себеп болуы мүмкін. Бұл сайлау Қазақстан қоғамының азаматтық тұрғыдан және саяси тұрғыдан біршама жетілуіне әкелетін кезекті жақсы сабақ болады,
– ДЕЙДІ ЖУРНАЛИСТ.