26 C
Алматы
Понедельник, 2 июня, 2025
spot_img

Спорт және туризм министрлігінің букмекерлік лоты Антикорға дейін жетті

«Nomapay» деп аталатын бұған дейін белгісіз төлем компаниясы отандық банктерге шлюз резервтеу бойынша белсенді түрде ұсыныс жасауда», — дейді, DALA INSIDE дереккөзі.

Оның сөзінше, компания өзін банктерге Букмекерлік ставкаларды бірыңғай есепке алу жүйесінің (ЕСУ) операторы деп таныстыруда. Бір қызығы, мемлекет тарапынан бұл жүйенің операторы әлі анықталып, жарияланған жоқ. Жеке компания лот қорытындысы шықпай жатып оның нәтижелерін қайдан білетіні сұрақ тудырады.

«2024 жылғы 20 желтоқсанда үкімет 100% мемлекетке тиесілі «Бірыңғай есеп жүйесінің операторы» ЖШС-ін құрды. Ол ЕСУ жұмысын қамтамасыз етуі керек еді. Компания 2025 жылдың 13 қаңтарында тіркелген. Қазір оның жарғылық капиталы мардымсыз, штаты жоқ, бағдарламалық жүйесі де дайын емес. Мемлекеттік сатып алу реестрінде осы жүйеге қажетті ІТ-платформа әзірлеу немесе сатып алу туралы бірде-бір лот жарияланбаған. Салалық Цифрлық даму министрлігі бұл жобаға ресми түрде еш тартылмаған», — дейді, дереккөз.

Министрлікке жақын тағы бір инсайдер ЕСУ жүйесінің ешбір қазақстандық IT-компанияны жолатпай, дайын ресейлік бағдарламаны сатып алатынын растап отыр. Сонда бізге СБЕР кейсі сабақ болмаған сияқты. Талантты программистеріміз барда, біреудің қаңсығына миллиардтаған қаржы жұмсауды қашан қоямыз?

Бір қызығы министрлік конкурсқа өтініш беруге небәрі бес күн берген. Және оның екеуі демалыс күндері болып шықты. Өз тарапынан Қазақстанның букмекерлер қауымдастығы бұл әрекетті тікелей манипуляция деп атап, қазіргі таңда Антикорға шағым жолдады.

Онда конкурстың формалды түрде өткені, іс жүзінде басқа қатысушылардың бәсекелесуіне мүмкіндік болмағаны жазылады. Тіпті балама ретінде қатысқан «Қазпоштаның» даму стратегиясында букмекерлердің төлемдерін өңдеу бағыты қарастырылмаған.

«Мемлекеттік оператор қағаз жүзінде ғана бар кезде, «Nomapay» компаниясы банктермен техникалық интеграция процесін бастап кеткен. Олар ірі төлем трафигіне арналған AS210663 автономды жүйесін биыл көктемде тіркеп алған. Төлем ұйымдары қауымдастығының хатында Nomapay компаниясының ресейлік ЕЦУПИС платформасын Қазақстанға технологиялық негіз ретінде әкелмек екені жазылады. Мұны компанияның құрылтайшысы, танымал блогер Айтым Жақыповпен байланыстыруға болады. Себебі оны инстаграмда «брат» деп атап жүрген Умар Кремлев Ресейде дәл осындай ЕЦУПИС жүйесінің иесі болып саналады. Және ол соңғы кездері Жақыповтың жобаларын белсенді түрде қаржылай қолдай бастады», — дейді, дереккөз.

Profit.kz бағалауынша, Қазақстандағы заңды букмекерлік ставкалардың жылдық айналымы 1,2 триллион теңгеден асады. Егер осы нарыққа жалғыз оператор бақылау орнатса, небәрі жарты пайыз комиссияның өзі миллиардтаған табыс әкеледі. Сонымен қатар бұл құрылымның қолына миллиондаған клиенттің жеке деректері мен банктік төлем ағынын қайта бөлетін тетік те түспек.

2021 жылы осыған ұқсас ЦУС жобасы іске қосылмақ болғанда, ол жемқорлық дауына ұласып, қылмыстық іс қозғалған еді. Сол кезде министрлік өкілі Hermès сөмкесі түрінде пара алып, жеке делдалдық компанияны лоббилегені үшін ұсталған. Қазіргі жағдай тура сол оқиғадан аумайды. Өте жылдам өткізілген конкурс, қағаз жүзіндегі мемлекеттік компания және оның артында тұрған ықпалды күштердің көлеңкесінен-ақ ескі сценарийдің «Жаңа Қазақстан» дәуірінде қайта жаңғырғанын байқаймыз.

Жалпы бұлайша қаржы бақылауын сыртқы құрылымдарға берудің салдары ауыр болуы мүмкін. Мысалы, Беларусь 2020–2022 жылдары ресейлік банктерге (Сбербанк, ВТБ, ВЭБ) экономикалық тәуелді болып қалғандықтан, Ресейге қарсы санкциялар сол елдің де қаржы жүйесін күйретті. Елдің ішкі жалпы өнімі 4,7 пайызға төмендеп, SWIFT жүйесіне кіру құқығынан айырылды. Экономикасы 10 жыл бұрынғы деңгейге шегінді. Ал 1990 жылдары Шығыс Еуропада Батыс банктерінің жаппай экспансиясы капиталдың шетелге кетуіне, несие саясатына бақылаудың жоғалуына әкелді. 2008 жылғы дағдарыс кезінде бұл елдер әлдеқайда қатты зардап шекті.

Қаржы ағындарын кім бақылайды, экономикаға сол иелік етеді. Ал экономиканы басқаратындар саясатты да реттеп отыратыны айдан анық.

Html code here! Replace this with any non empty raw html code and that's it.

Басқа да қызықтар

Телеграмға өтіңізspot_img

Мықты оқылатындар