Ондаған жылдар бойы Qarmet аумағынан метал ұрлау, оны лом ретінде өткізіп бизнес жасап келген ұйымдасқан топтар әлі де жойылмай отыр. Кезінде тіпті олар жергілікті құқық қорғау органдарымен астыртын байланысып келген.
Егер олар тез арада құрықталмаса, Qarmet-ті аяғынан тұрғызу мүмкін болмайды. Күні кеше шахтерлерді бопсалап келген қылмыстық топ мүшелері ұсталды. Бірақ бұл жүйе қанатын тым жайып келгендіктен, ұсталған топ қылмыс айсбергінің басы ғана.
Қолда бар мәліметтерге сәйкес, Теміртау қаласындағы қара және түсті металл сынықтарын жинаумен, сақтаумен және өткізумен айналысатын төрт арнайы орындағы ломның басым бөлігін «Qarmet» АҚ кәсіпорындарынан шыққан заңсыз лом құрап отыр.
Мурка және басқа да түрлі ұйымдасқан қылмыстық топтардың уақыты кетсе де, олардың ісі жалғасып келеді. Ломды елден шығару бойынша Индустрия және құрылыс министрлігінің тыйымдары жұмыс істемейді. Қазір Qаrmet-тен ұрланған заңсыз метал қазақ жерінде орналасқан, алайда Ресей меншігі болып табылатын Петропавл теміржол станциясы арқылы Ресейдің қорғаныс кәсіпорындарына тасылуда.
Ол ломнан Ресейлік зауыттар қару-жарақ, әскери техника жасап, Украинадағы соғысқа аттандырып отыр. Біздің қылмыстық топтар осы арқылы қанқұйлы соғысқа көмектесіп келеді.
Петропавлдағы темір жол вокзалында Ресей заңы жүреді. Оған РЖД басшылық жасайды, билеттер рубльмен сатылады, күзет те Ресейдікі. Ресейдің өзі қазір өз лом металын сыртқа шығармайды. Қолайлысы — қазақ жерінен ұрланған металды арзан бағамен алып, одан танк пен снарядтар жасауды жалғастыра беру.
Сондықтан Qarmet өз кәсіпорындарында тәртіп орната бастаған кезде, оған ұйымдасқан қарсылық болатынын қазірден бастап болжауға болады.