«Жаңа адамдар» жастар қозғалысы жүргізген әлеуметтік сауалнамаға қатысушылардың 30% ғана алты бірдей ұқсас рәміздер арасынан біздің төл Елтаңбамызды танып көрсете алыпты.
Елордамыз Астана қаласы мен рухани орталық Алматының тұрғындары рәміздерді ажырата алмай жатса, өзге өңірлердің жағдайы қалай деген сауал мазалайды.
Конституциямызда «Мемлекеттік рәміздер – бұл кез келген мемлекеттің егемендігі мен біртұтастығын бейнелейтін, оның ажырағысыз атрибуттарының бірі. Қазақстан Республикасында Мемлекеттік ту, Мемлекеттік елтаңба және Мемлекеттік гимн мемлекеттік рәміздер болып табылады»,– деп айырықша атап көрсетілген. Заңға сәйкес жыл сайын 4 маусым Қазақстан Республикасында Мемлекеттік рәміздер күні ретінде мерекеленеді. Бұл қасиетті үштаған – Ту, Елтаңба және Әнұран – елдіктің символы, тәуелсіздігіміздің басты белгісі. Елтаңбамыз тұғырында тұрып, Көк Туымыз көкте желбіреп, Қазақстанда туып-өскен әрбір азамат жүрегінің тұсына оң қолын қойып, патриоттық сезіммен Әнұранымызды шырқағаннан асқан Отанымызда қандай бақыт болуы мүмкін.
Әрине бақыттың мағынасы көп… Ал, Қазақстанда тұратын әр адамға, әр ата-ана өз перзентіне Ата Заңды қастерлеуді, Мемлекеттік Рәміздерді ұлықтауды, Мемлекеттік тілді құрметтеуді, Отанды сүюді тілі шығып, сезімі оянғаннан үйрету әрқайсымыздың парызымыз.
Сауалнамаға жауап бергендердің көбісі, әсіресе жастар жағы Елтаңбадағы кейбір атрибуттардың мағынасын түсінбейтінін айтыпты. Кейбір элементтер күрделі деген уәждерін айтқан. Бәлкім, осы мәселені қоғам талқысына шығарып, жан-жақты ақылдасып көрудің де ретін қараған жөн шығар. Жаңа Қазақстан дегеніміздің өзі қарапайым халықтың, ұсынысы мен өтініштерін, тыңдай білетін мемлекетті қалыптастыру емес пе?!
Жалпы, Мемлекеттік Рәміздеріміз – Ту, Әнұран, Елтаңбаны ата-аналар және педагогтар, кітапханашылар арасында мемлекеттік рәміздерді үйде, бала-бақша мен мектепте тәрбие үдерісінде қолданып, дәстүрлі түрде насихаттап отырса патриоттық сезім олардың бойында өркендеп, қанымен араласып сіңіп кетеді де адами жақсы қасиеттер қалыптастыратынына сенімдімін. Сонда сауалнама нәтижесіндей өрескел қателіктер болмайды деп ойлаймын.