Ескі Қазақстанның өкілдері Мағауиннің сұхбатын естіген де, елеген де жоқ. Есесіне, Тоқаевтың «Егеменге» шыққан етектей мақаласы ескі гвардияның тарапынан мұқият синтезделіп, терең анализ жасалуда.
DALA INSIDE-қа жеткен мәлімет бойынша Назарбаев кланы «сұхбаттың салдары қандай болады?» деген сауалдың төңірегінде ойланып толғануда. Дүйім елді дүрліктірген мақалада Тоқаев Қаңтар оқиғасының тасасында Назарбаевтың жақтастары тұрғанын мойындаған. Осынау трагедияға триггер болған саяси шешімді кімдер қабылдағанын (Шәріпбаев & Құлыбаев) тұспалдап өткен.
Бекетаев, Байбек, Мәсімов сынды экс-президенттің шабармандары Ақорда мен Кітапханаға алма-кезек кіріп, сөз тасығанын, мұның соңы мемлекеттің шаңырағын шайқалта жаздағанын жасырмай айтқан.
Бұдан туатын логикалық сауал: өзі босатқан орынды өзі тартып алмақ болған әрі мемтөңкеріс жасауға талпынған Назарбаев жауапқа тартылуы мүмкін бе? Экс-президенттің ет жақындары мен сенімді серіктері түнеукүнгі сұхбаттың перспективасынан, яғни, ұзақ мерзімді қауіп-қатерінен сескенуде.
DALA INSIDE-қа мәлім болғандай желтоқсанның қақ ортасында кенеттен Мәскеуге жол жүрген Назарбаев Кремль көсеміне Сатыбалды мен Самат Әбіштің мәселесінен бөлек, «Қаңтар оқиғасы қайталанар болса, Тоқаевқа ара түспеу…» туралы бұйымтайын жеткізген. Пүтін бұл ұсынысты қабыл алды ма, жоқ па ол жағы жұмбақ.
DALA INSIDE Назарбаевтан кейін араға апта салып Петерборға аттанған Кемелұлының жүзі жүдеу, көңілі әлденеге алаң екенін аңдаған еді. Сол жолғы жиында Пүтіннен аулақ жүруге тырысқанын да Назарбаев сапарының табымен байланыстырған едік.
Қалай болған күнде ескі Қазақстан есе жібергісі жоқ. Назарбаев жақтастары «Егеменге» шыққан мақалаға жауап дайындап жатыр. Ескі гвардия Қаңтар 2.0 қайталанғанын қалайды.
Ал Жаңа Қазақстанның қолындағы жалғыз көзір — Мәсімовтың саяси эффектісі әлсірей бастады. Халық бәрінің артында тұрған «басты кейіпкерді» сұқ саусағымен көрсетуде. Әбішұлы? Экс-президент әлі талай дүниені былықтырады.