Қаржы министрлігі 2023 жылға арналған мемлекеттік құнды қағаздарды (облигацияларды) шығару жоспарын жариялады. Оған сай 4,89 триллион теңгеге облигациялар орналастыру көзделген. Демек, мемлекет ішкі нарықтан осындай соманы қарызға алғысы келеді.
Бірақ, мемлекеттік құнды қағаздардың барлығы бірдей биржада өте қоймайды. Себебі, нарық ойыншылары көп жағдайда мемлекеттік құнды қағаздардың (МҚҚ) кірістілігін тым төмен деп бағалайды. МҚҚ оларға консервативті, орта мерзімді портфель жасақтау үшін керек. Сондықтан жоспар әдеттегідей 100 пайызға орындалмайтыны анық.
Егер, биылғы бюджет дефициті 3,2 триллион теңге екенін ескерсек, Қаржы министрлігінің 4,9 триллион теңгеге облигация өткіземіз деген жоспары осы 3,2 триллионды жабуға бағытталатыны сөзсіз. Бірақ, ішкі нарықтан қазіргі жағдайда 3,2 триллион теңге тартудың өзі оңай емес.
Биылғы МҚҚ-лар 1 жылдықтан бастап 15 жылға дейінгі облигациялар. Оның ішінде, инвесторларға 420 миллиард теңгеге қысқамерзімді 1 жылдық облигациялар ұсынылмақ.